ӘлемЭкономика

Өзбекстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 3,5 миллиард долларға дейін ұлғайтпақ

Өзбекстан жеміс-жидек, көкөніс және азық-түлік өнімдерінің экспортын 3,5 млрд долларға дейін арттыруға ниетті.

Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Былтыр республиканың ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 4,1 пайызды құрап, өнім экспорты 2 млрд долларға жетті. Салаға халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының 20 млн долларға тең гранты тартылып, зертханалар және қажетті жабдықтар жаңартылды.

«Кейінгі жылдары әлемнің 80 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға 620 фитосанитариялық рұқсат алынып, олармен электрондық форматта дерек алмасу ісі жолға қойылды. «GSP+» жүйесі аясында 200 мың гектар жер халықаралық талаптарға сәйкестендірілді», — деп мәлім етті Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен.

Кеңесте саланың экспорттық әлеуеті мұнымен шектеліп қалмайтыны атап өтілді. Жауапты тұлғалар биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 3,5 млрд долларға дейін жеткізу мүмкіндігін баяндады.

Ол үшін бірінші кезекте жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдері, жүзім және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі ұлғаяды. Өңірлерде тағы 20 мобильді зертхана құрылып, олар «uzagrolab.uz» электрондық платформасына қосылады. Бұған қоса пестицидтердің айналымына байланысты барлық процес цифрландырылады.

Сондай-ақ 6 мың бақша, 3 мыңнан астам жүзім алқабы мен егістік алаң, 344 өнімді қаптаумен айналысатын кәсіпорнның жұмысы шетелдік фитосанитариялық талаптарға сәйкестендіріледі. Тиімді технологиялар енгізіліп, жәндік және өзге де зиянкестерімен биологиялық күрестің жаңа механизмі іске қосылады.

Халықаралық ынтымақтастықты күшейту шеңберінде тауар экспорты неғұрлым қымбат нарықтарға бағдарланады. Бұл ретте тағы 8 елдің фитосанитарлық рұқсатын алу жоспарланған.

Ферғана, Самарқанд және Ташкент халықаралық әуежайларының аумағында экспортқа шығатын жеміс-жидек пен көкөністі уақытша сақтайтын заманауи объектілер салынады.

TuraNews

Back to top button