Қоғам

Өскеменде Ұлттық ұлан командирі Жауынгерлік туымен қоштасты

Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімінің командирі подполковник Аян Шаяхметов Ұлттық ұлан қатарындағы 25 жылдық әскери қызметін аяқтады.

Ширек ғасыр бойы құқықтық тәртіп әскеріне адал қызмет еткен офицерді қаруластары салтанатты түрде құрметпен шығарып салды. Салтанатты рәсімге «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев, әскери бөлімдердің командирлері, әскери қызметшілер мен ардагерлер қатысты. Жиында офицердің ширек ғасырлық қызмет жолы сараланып, оның әскери өміріндегі маңызды сәттерді бейнелейтін естелік суреттер көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шара барысында генерал-майор Арман Жұмағалиев подполковник Аян Шаяхметовтің әскери қызметтегі кәсібилігі мен жауапкершілігін атап өтіп, ұзақ жылғы еңбегіне алғысын білдірді.

– Аян Сералыұлы, Сіз Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткен жылдары мол тәжірибе жинақтап, өзіңізге жүктелген жауапты міндеттерді абыроймен атқардыңыз. Әскери бөлімдердегі қызметіңіз, кәсіби біліміңіз бен жауапкершілігіңіз әріптестеріңізге әрдайым үлгі болды. Ұзақ жылғы еңбегіңіз үшін алғыс айта отырып, құрметті демалыста отбасыңыздың ортасында амандықта, зор денсаулықпен ғұмыр кешуіңізге тілектеспін, – деді өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы.

Сондай-ақ өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің командирлері сөз алып, бірге атқарған қызмет жылдарын еске түсіріп, әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді. Олар офицердің жоғары кәсібилігін, талапшылдығын, әскери іске деген адалдығын және жас әскери қызметшілерге үлгі бола білгенін ерекше атап өтті.

Салтанатты шараның ең әсерлі сәті – подполковник Аян Шаяхметовтің әскери бөлімнің Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі болды. Әскери дәстүрге сай өткен бұл рәсім офицердің Ұлттық ұлан қатарындағы ұзақ жылғы қызмет жолының аяқталғанын айшықтады. Өз кезегінде Аян Шаяхметов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығына, әріптестері мен қаруластарына бірге атқарған жылдардағы қолдауы мен сенімі үшін ризашылығын білдірді. Осылайша, құқықтық тәртіп әскеріне 25 жылын арнаған офицер үшін әскери қызметтің маңызды кезеңі аяқталды. Ал оның жинақтаған тәжірибесі, кәсіби ұстанымы мен қызметке деген адалдығы кейінгі буын Ұлттық ұлан жауынгерлері үшін өнеге болып қала бермек.

TuraNews

Back to top button