Өскеменде қолбасшы «Жас Бүркіт» сыныптарының оқушыларымен кездесті
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев Өскемен қаласындағы №24 жалпы білім беретін мектепке барып, «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық сыныптарының оқушыларымен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, азаматтық жауапкершілігін арттыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және ел қорғау жолындағы ерліктің мәнін дәріптеу.
Еркін форматта өткен әңгіме барысында генерал-майор Арман Жұмағалиев оқушылармен Отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық борыш, ел қауіпсіздігі және күрделі жағдайда батыл шешім қабылдай білу туралы пікір алмасты. Жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери қызметтің қыр-сырына қатысты жауаптар алды.
– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшін «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық сыныптарының оқушыларымен кездесудің маңызы зор. Өйткені бүгінгі оқушы – ертең ел алдындағы азаматтық және әскери борышын атқаратын жас. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына патриоттық құндылықтарды сіңіру – ортақ міндет.
Осы бағытта өңірлік қолбасшылық пен білім беру ұйымы арасында тығыз байланыс орнаған. «Жас Бүркіт» тәрбиеленушілері үшін әскери бөлімдерде ашық есік күндері ұйымдастырылып, оқушылар сарбаздармен хат алмасып, олардың қызметімен жақынырақ танысып келеді, – деді генерал-майор Арман Жұмағалиев.
Іс-шараға қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Арман Сеитов және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев қатысты. Кездесу соңында генерал-майор Арман Жұмағалиев іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан мектеп басшылығына алғысын білдірді.
Сондай-ақ әскери-патриоттық сыныптардың белсенді оқушыларына мадақтама қағаздарын табыстады.
Өз кезегінде оқушылар қонақтарға алғыстарын айтып, естелік суретке түсті.



