Қоғам

Өскемен тұрғындары iPhone 15 телефонын арзанға аламыз деп алаяққа алданып қалды

Өскемен қаласында 5 адам iPhone 15 телефонын арзанға сатып аламыз деп алаяққа алданып қалды, деп жазады TuraNews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, Instagram әлеуметтік желісінде интернет-дүкен парақшасы ретінде жасалған аккаунтта жаңа Iphone 15 PRO маркалы телефонның арзанға сатылатыны жазылған.

Бұған сенген азамат қашықтан төлем жасау арқылы алаяқтың шотына 650 мың теңге аударған. Ақшаны алғаннан сатушы аккаунт пен ұялы телефон нөмірін бұғаттап, мүлде жоғалып кетті.

Дәл осы сияқты тағы төрт адам алданып қалды. Олардың әрқайсысы Apple компаниясының жаңа өнімін аламыз деп 600-700 мың теңгеден төлеген.

Қазір алаяқты іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Алаяқтар өздерінің құрбандарын алдау үшін түрлі тапқырлық танытады. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық саны жыл сайын өсіп келеді. Талай адамды алдаған әккі қылмыскерлер де бар. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, облыс бойынша жыл көлемінде барлығы 131 эпизод бойынша алаяқтық жасаған 17 алаяқ әшкереленді», — делінген ақпаратта.

TuraNews

Back to top button