Орталық Азиядағы бэби-бум: Өңір экономикасына әсері қандай болмақ?
Орталық Азияның 5 мемлекеті – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Еуразияның орталығында орналасқан және шаммен 4 млн шаршы метр аумақты алып жатыр. Соңғы 30 жылдың ішінде өңір халқының жалпы саны айтарлықтай өсіп, 79 млн адамнан асып отыр.
Орталық Азия елдері қандай демографиялық сын-тегеуіріндермен және халық саны өсімінің салдарымен бетпе-бет келетіндігі жайлы Kazinform агенттігі тілшісі Марлан Жиембай дайындаған материальды сіздермен бөлісіп отырмыз.
2050 жылға қарай ОА халқы 100 млн-ға жетеді
Соңғы онжылдықта аймақ халқы жыл сайын орта есеппен бір миллион адамға өсіп отырады. 2023 жылдың қорытындысында оның саны 79 млн-нан астам адамды құрады. Жекелеген елдерде өмір сүру деңгейі төмен және өлім-жітім деңгейі жоғары болғанына қарамастан, сарапшылар ОА тұрғындарының саны өсе береді деп болжайды. БҰҰ мәліметтері бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 млн адамнан асады.
Орталық Азия мемлекеттерінің статистикалық агенттіктері ұсынған цифрларға қарағанда, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, Өзбекстан әлі де өңірдегі халқы жиі қоныстанған ел саналады – 36 799,728 мың адам. Екінші орында Қазақстан тұр – 20 053,665 адам. Ал Тәжікстанда – 10 077,6 мың, Қырғызстанда – 7 161,9 мың, Түрікменстанда – 7 057,841 адам тұрады.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге қарағанда Өзбекстандағы халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға 82 адамды құрайды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,8 адамға (2023 жылы 80,2 адам болған), ал 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,1 адамға (2013 жылы 67,9 адам болған) көп.
Қазақстан әлемдегі халықтың қоныстану тығыздығы ең төмен елдердің бірі саналады. Елімізде 1 шаршы шақырымға 7,3 адамнан көледі. Ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш – 34,6, Тәжікстанда – 72,3, Түрікменстанда 12,9 адам.
Халық санының өсімі: жақсы ма әлде жаман ба?
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың пайымынша, Орталық Азия елдерінің үлкен басымдығы бар – бұл адами капитал. Оның атап өтуінше, Орталық Азияның демографиялық өсіміне экономикасының ілесе алмауы келешекте күтпеген қиындықтар туындатуы мүмкін. Сондықтан Орталық Азия елдеріне стратегияларын қайта бір пысықтап алу қажет.
«Әлемдік ауқымда біздегі өңір халқының санын пайызға шаққанда 1 пайыз ғана болса, бүкіл экономикамыздың жиынтық салмағы 0,3 пайыз ғана. Яғни, экономика бойынша демографиялық өсімнен кемінде үш есе артта келе жатырмыз. Демек, қазірдің өзінде стратегияларымыз туралы ойлана бастау керек. Жалпы шикізат экспорттаушы модель аяқталып келе жатыр. Оның тиімсіз екенін түсініп отырмыз. Ол біздің ішкі өнімге ары кетсе 1-3 пайыз ғана үстеме қоса алатын шығар. Бұл дегеніміз жаңа құрылымдық реформалар жүргізу қажеттігін көрсетеді», — деді ҚСЗИ директоры.
БҰҰ деректеріне қарағанда, соңғы 10 жылыдң ішінде өңір халқы орташа есепен жылына 1 млн адамға көбейіп келеді. Тек Өзбекстан (жылдық өсім 700-750 мың адам) мен Қазақстанның (жылдық өсім 260-270 адам) жиынтық өсімінің өсімі 1 млн адамға жетіп отырады.
Мұның үстіне, Орталық Азия ең жас өңірлердің бір болып қала бермек. Халықтың орташа жасы – 27,6. Ал Қазақстанда бұл цифр 31,8 жасты құрайды. Қазіргі таңда мемлекет бала тууды ынталандыруға арналған әлеуметтік міндеттемелерді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Көпбалалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақылар мен арнайы жәрдемақылар да төленеді. Уақыт өткен сайын азаматтардың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Бұл да оң үрдістердің бірі. Ұлттық статистиканың деректеріне сәйкес, 1991 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 6,8 жылға артқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,4 жас болды.
Демографиялық өсімнің экономикаға ықпалы
Еуразиялық даму банкі сарапшылары Орталық Азияны 347 млрд-қа жуық жиынтық ЖІӨ-сі және 80 млн-нан астам халқы бар даму әлеуеті жоғары өңір ретінде бағалайды. Онда халықтың өсімі өңірлік дамудың жеделдетілген серпінін айқын көрсетеді. Олардың мәліметтеріне сәйкес, соңғы 20 жылда ОА елдерінің жиынтық ЖІӨ-сі нақты мәнде төрт есе өсті. 2000 жылдан бері халық саны 1,4 есе артты, ал соңғы жылдары жыл сайын шамамен 2 өсіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, демографиялық өсім Орталық Азия мемлекеттері экономикасының дамуына ықпал ететін болады.
Аймақтың артып келе жатқан халқы кең нарықты және ұлғая түскен еңбек ресурстарын қалыптастырады. Жас санаттарының қолданыстағы бөлінісі болашақта еңбек ресурстары санының артуын білдіреді. ОА елдерінің орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны соңғы 20 жылда 6,2 пайызды құрады. Ал дамушы елдер 5,3 пайыз, жалпы әлем жыл сайын орта есеппен 2,6 пайыз өсіп отыр. Экспорттық кірістердің, еңбек мигранттарының ақша аударымдарының және тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің артучы халықтың табысының өсуіне және кедейліктің төмендеуіне ықпал етті. Аймақтың көптеген елінде сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 3 есе ұлғайды.
ОА елдері адами капиталды жақсарту үшін жағдай жасауы қажет
CABAR.asia сараптамалық платформа алаңында Орталық Азия өңірінің демография саласының қазіргі проблемалары талқыланған конференция өткен болатын. Оның барысында сарапшылар демография мәселелері бойынша сапалы саясатсыз және оны нақты іске асырусыз Орталық Азия елдеріндегі халықтың өсуі экономикаға жоғары жүктемемен қатар жүретінін және өңір мемлекеттеріндегі кедейлікті арттыратынын атап өтті. Олардың пайымынша, ОА елдерінің Үкіметтері кедейшілік пен әлеуметтік проблемаларды екі есе арттырмау үшін адами капиталды жақсарту бағытында барлық жағдайды жасауы керек.
Өзбекстандық демограф, әлеуметтану ғылымдарының докторы Азамат Сейітов адами капиталды дұрыс реттеу, барынша назар аударған жағдайда ол ел экономикасының одан ары өсімінің тағы бір мүмкіндігіне айналатынын айтады.
«Бала тууды бақылаудың еш мәні жоқ. Және де мемлекетке мұндай қадамға бару қажет емес. Сөз азаматтардың барлық конституциялық, оның ішінде еркін ойын білдіру, еркін жүріп-тұру сынды құқықтарын сақтай отырып, толыққанды тұлға ретінде өзін-өзі көрсете алуына жағдай жасау жайында болып отыр. Осы жағдайда ғана саналы ата-ана болады. Сол кезде ғана сана пайда болып, бала туудың қуатты реттеушісін ала аламыз», — деді ол.
Ал демографиялық мәселелер жөніндегі Қазақстан сарапшысы Шынар Төлешова мемлекет өз азаматтарының сапалы білім алуына барлық жағдай жасау қажеттігін айтады.
«Отбасы әрбір баласының сапалы білім алуына ұмтылуы тиіс», — деді ол.
Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясына қарасты Экономика және демография институты демографиялық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Акбар Субхонов дүниеге келген баланы материалдық, рухани және басқа да адами құндылықтармен және ізгіліктермен қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аудару қажеттігін атап өтеді.
«Тәжікстанда халықтың 70 пайыздан астам ауылды жерлерде тұрады. Біз ауылдарда сапалы білім мен медицинаның қаншалықты қолжетімді екендігін зерделеуге тиіспіз», — деді сарапшы.
Қырғызстандық қоғам қайраткері Нұрбибі Керімова бақуатты ел болу үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу қажеттігін алға тартады.
«Егер Сингапурға айналамыз десек, онда ең бірінші кезекті шешілуі тиіс проблема – бұл жемқорлық. Егер жемқорлықтың тамырына балта шабылса, онда жақсы кадрлық саясат болады. Кадрлық саясат жақсы болса, онда жақсы білім де, жақсы денсаулық сақтау жүйесі де қалыптасады. Дәл осы жайт сапалы халықты береді», — деді ол.
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пайымынша, елдің орнықты экономикалық дамуы халықтың санымен, азаматтардың тұрмыс деңгейімен және еңбек ресурстарының қолжетімділігімен тікелей байланысты. Мемлекет ең алдымен халықты жұмыспен, медициналық қызметпен, баспанамен және біліммен қамтамасыз етуі тиіс. Осыған орай елімізде жаңа демографиялық саясат қалыптастыру қажеттігі пісіп-жетіліп отыр.
«Еліміздің демографиялық дамуына байланысты мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажет. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі екені анық. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Бұл – ең алдымен, адамның мүдделері мен қажеттіліктеріне басымдық беру, халықтың әл-ауқатын жақсарту деген сөз. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы», – деді ол.
Спикердің пайымынша, Қазақстан үшін халық саны алдағы 10 жылыдң ішінде 30-40 млн адамға дейін артпай, әлемдегі жер көлемі жағынан 9 орындар тұрған жерді дамыту қиынға соқпақ. Сондықтан да ел халқын 40 млн адамға дейін жеткізу стратегиялық мәселе саналады.
Жаһандану мен әлемдік экономиканың ықпалдаса түсуін ескерер болсақ, Орталық Азия халқының демография мәселесі үнемі өзекті бола түсері сөзсіз. Өйткені, өңір халқының тек санымен ғана емес, еңбек ресурстарының сапасына да қатысты қажеттілік туындай береді. Осыған байланысты өңір мемлекеттерінің билігі нақты нәтиже берер іс-шаралар қабылдап, адами капиталды жақсартуға баса мән бергені жөн.