ҚР СІМ басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Ұлыбритания үшін ортақ құндылықтардың бірі – адами капитал. Соңғы жылдары екі ел арасындағы білім беру саласындағы серіктестік белсенді дамып келеді.
«Британдық ғылым және білім беру жүйесі әрқашан біздің студенттер мен ғалымдарға тартымдылығымен ерекшеленеді. Мысалы, биыл Лондонда Нархоз және Queen’s университеттері арасында серіктестік және қос дипломдық бағдарлама бойынша келісімдерге қол қойылды. Primus Capital және Ardingly колледждерінің уағдаластықтарына сәйкес, Қазақстанда екі халықаралық мектеп ашу жоспарлары да бар. Бүгін Оксфорд университетінде қазақ тілі курстарын ашу туралы меморандумға қол қойылды, — деді Мұрат Нұртілеу.
Оның айтуынша, британдық Оксфорд және Манчестер университеттерінің кітапханаларында, сондай-ақ Ұлттық музейде қазақ халқының тарихына қатысты маңызды қолжазбалар мен кітаптар табылған. Бес ғасыр бұрын 1562 жылы британдық дипломат Энтони Дженкинсонның «Қазақия» картасы жарық көрді.
«Болашақта мұндай бай және нақты деректер өзінің әділ бағасын тауып, екі елді байланыстыратын іргелі факторға айналатыны сөзсіз», — деді ҚР СІМ басшысы.