ТМД-ға мүше мемлекеттердің елеулі жетістіктері, ірі жобалары, маңызды оқиғалары, мәдени іс-шаралары және суретшілері мен қолданбалы өнер шеберлерінің электронды өнімдері. Мұның бәрін Ұлттық музейде өтіп жатқан ТМД-ға мүше мемлекеттердің ART-EXPO халықаралық көрмесінен тамашалауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «ТМД-ның халық шығармашылығы мен мәдени мұрасы жылы» деп жариялады. Бүгінгі «ART кеңістігіндегі халық шығармашылығы» көрмесі осы идеяны жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Елдер арасындағы мәдени байланыс белсенді дамып келеді, ел азаматтары бір-бірінің рухани мұрасына шынайы өзара қызығушылық таныта бастады. Бүгін көрмені аша отырып, Сіздердің назарларыңызға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Беларусь суретшілерінің, мүсіншілерінің, қолданбалы өнер шеберлерінің шығармашылық жұмыстарымен жақынырақ танысуды ұсынамыз. Көрмеге қойылған экспонаттар келушілердің жүрегін жаулап, ұмытылмас әсер қалдыратынына бек сенімдімін», — деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Қазақстан павильонында отандық қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен тоқыма өнері, қыш ісі және зергерлік бұйымдар жасауға арналған шеберлік сабақтары өтеді. Бұдан басқа, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделі құрылымдары мен мәдениет ұйымдары арасында шығармашылық байланыс орнату мақсатында олардың халық шығармашылығы саласындағы жетістіктері таныстырылды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің мәдени ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің отырысы, бірқатар екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.
АRТ EXPO – ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықты дамытуға, ұлтаралық келісімді нығайтуға, басқа халықтардың мәдениетіне, дәстүріне құрмет көрсетуге бағытталған кешенді іс-шара. Халықаралық көрме 10 қыркүйекке дейін жалғасады.