Инвестициялық Жоспарлар Қолдау Тапты Qarmet компаниясының басшысы Андрей Лаврентьев компанияның металлургия кешенінде атқарылған жұмыстардың алдын ала нәтижелерін және 2026 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды.
Соңғы екі жылда компания болат өндірісін 22 пайызға, көмір концентратын 26 пайызға, темір кенін 32 пайызға арттырды. Сонымен қатар, өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын болат маркаларының түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайды.
Андрей Лаврентьев жалпы 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру барысын баяндады. Бұл бастама елдегі болат өндірісін жүйелеуге және металл прокаты импортын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, атом электр станциясының құрылысына арналған өнімдерді қоса алғанда, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын шығару жолға қойыла бастады.
Басшы көмір және тау-кен бағытын дамыту бағдарламасын таныстырып, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға ерекше мән берілетінін айтты. Қазіргі уақытта Qarmet компаниясына қарасты медициналық және білім беру ұйымдары жаңғыртылуда.
Компания мен кәсіподақтар арасында жаңа ұжымдық келісімшарт жасалды. Құжат 35 мың еңбеккерге әлеуметтік кепілдік беруді қарастырады.
Компания Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл бастама шағын және орта кәсіпорындарға шикізатты терең өңдеумен айналысуға мүмкіндік береді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірлесіп іске асырылмақ. Сондай-ақ, машина жасау зауыттарының өндіріс барысында отандық болатты пайдалануы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Qarmet металлургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, ұсынылған даму жоспарына қолдау білдірді.
Сонымен қатар Президент Тоқаев кәсіпорынды жан-жақты жаңғыртуды, әлеуметтік мәселелерді шешуді, экологиялық жағдайды жақсартуды және машина жасау өндірісін жандандыру шараларын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.



