Қоғам

Мәскеуде қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті

Мәскеудегі Қазақстанның Елшілігінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.

Оларды осы жылдың мамыр айында Мәскеу түбіндегі Апалщино ауылы маңынан «Эхо Войны» іздестіру тобы тапқан. Жауынгердің медальонында сақталған жазбаның арқасында Қызылорда облысы Қазалы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 144-атқыштар дивизиясының 785-атқыштар полкінің құрамында соғысып, 1941 жылы 7 қарашада Мәскеуді қорғау кезінде қаза тапқан Сейлан Мәметовтің (1912 жылы туған) жеке басын анықтау мүмкін болды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев бүгінгі шара болашақ ұрпақ үшін құрбан болған жауынгерлерге тағзым екенін атап өтті. «Сол кездегі адамдардың ерлігі туралы естелік қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалады, кітаптарда, әндерде, монументтерде, мемориалдарда, мұражайлар экспозицияларында және көше атауларында бейнеленеді», – деп атап өтті Дәурен Абаев. «Сіздердің еңбекқорлығыңыз бен адалдығыңыз таң қалдырады. Сіздер тарихи жад пен азаттығымыз үшін күрескен тұлғаларды құрметтеуге баға жетпес үлес қосасыздар», — деп іздеушілерге ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде «Эхо Войны» іздеу жасағының командирі Геннадий Иванов Сейлан Мәметов сияқты жауынгерлердің арқасында жау Мәскеуді ала алмағанын атап өтті. «Ол өз өмірін Жеңіс жолында құрбан етті. Өзін аямады, қорықпады, берілмеді, әскери борышын соңына дейін орындады. Қазір бейбіт өмір сүріп жатқанымыз үшін оған көп рахмет», – деп атап өтті Геннадий Иванов.

Сейлан Мәметовтің туыстары әлі табылған жоқ. Сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, толық әскери құрметпен жерленеді.

Қаза тапқан жауынгерлердің сүйегін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздеу топтарының бірлескен жұмысы жалғасады.

 

TuraNews

Back to top button