Маск X/Twitter әлеуметтік желісін ақылы етпек
Илон Маск бұрын Twitter деп аталған X әлеуметтік желісін барлық пайдаланушы үшін ақылы етуді көздеп отыр, деп хабарлайды BBC News.
Ол бірнеше күн бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлесіп, боттарға қарсы тұратын жалғыз амал платформаға қолжетімділікті ақылы ету екенін мәлімдеді.
«Біз платформаны пайдалану үшін айына кішігірім төлем енгізуге көшеміз», — деді Tesla мен SpaceX басшысы.
Бұл аяқ астынан айтылған пікір ме әлде Масктың ай сайынғы төлем енгізілетіні туралы ескертуі ме – белгісіз. Былтыр Twitter басшылығына келгеннен бері Маск пайдаланушылардан X Premium деп аталатын кеңейтілген қызмет үшін қосымша ақы алуға тырысты. Төлем енгізген жазылушыларға ұзақ жариялымдар қолжетімді және платформада көріну мүмкіндігі жоғары болды.
Дегенмен қазір пайдаланушылар X әлеуметтік желісін бұрынғыша тегін пайдалана алады. X Premium-ді пайдалану бағасы – айына 8 АҚШ доллары. Баға абонент тұратын елге қарай өзгереді.
Дегенмен Маск X әлеуметтік желісіне қолжетімділікті ақылы етсе – пайдаланушыларының көп бөлігін жоғалтып алуы мүмкін. Ол қазір компанияға көп кіріс әкеліп жатқан жарнамадан түсетін табысты азайтуға әкеледі.