Маржан Ершудің жыр кеші
Қазақстанның Атырау қаласында Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында қала күніне орай ақын Маржан Ершудің «Атырау — айдынды өлкем ардағым-ай…» атты шығармашылық кеші өтті.
Түркі әлеміне танымал қазақ ақынның шығармашылық кешіне ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев президенттің Алғыс хатын арнайы келіп табыстады.
Жыр кешіне сондай-ақ Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембіұлы, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Құттымұрат-ұлы Әлимұхаммед, Жылыой ауданының әкімі Қаражанов Жұмабек, көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар, студенттер мен достары қатысты. Ақынның жырлары ұйып тыңдалған кеште шетелден келген қонақтар да орын алды.
Осы салтанатты кеш барысында түркі әлемінің біртуар тұлғаларын қазақ тілінде сөйлетіп жүрген ақын және аудармашы Маржан Ершуге әдебиетке қосқан үлесі үшін Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Бас хатшысы Сұлтан Раев атынан «Ашык Вейсел» медалі табыс етілді. Ақынға марапатын Түріксой өкілі, кешке арнайы ат арытып барған Шехназ Бурханеддин табыстады.
Сонымен қатар Қала күніне орай Атырау қаласы әкімдігінің қолдауымен Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Маржан Ершудің қырғыз тілінде шыққан «Жүрегім» атты жыр кітабының тұсаукесері де болып өтті.
Шараға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаев, ақын-аудармашы Алтынай Темирова (Қырғызстан), ҚР Мемлекеттік Музей директоры Рашида Харипова, әдебиеттанушы Анар Кабдуллина, ақын Жұмабай Құлиев және қаламгерлер қауымы мен оқырмандар қатысты.
Тұсаукесер аясында ұйымдастырылған «Жайықтың Жыр Маржаны» атты кеңейтілген кітап көрмеде ақынның бір топ поэмалары, түркі әдебиетінен аударылған шығармалары таныстырылды.