Мақтааралда күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды
Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанын қорытындылау мақсатында дәстүрлі «Алтын күз — 2023» мерекелік іс-шарасын кең көлемде атап өттік, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Биыл ауданда 61 мың гектар егістік алқапқа түрлі дақылдар егілді. 9 айдың қорытындысымен 419,4 мың тонна бақша дақылдары, 18 мың тонна көкөніс дақылдары, 28,4 мың тонна мал азықтық дақылдары, 6,1 мың тонна картоп, 40 тонна күздік бидай, 7,5 мың тонна күріш, 97,1 мың тонна мақта және 11, 5 мың тонна дәндік жүгеріден өнім алынды.
Ауданымызда мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім бар. Ет өндіру 4,6 мың тоннаны, сүт өндіру 33 мың тоннаны, жұмыртқа өндіру 5,4 миллион дананы құрап, жылдағыдан үлкен көлемде артып отыр.
Кәсіпкерлік саласында да үлкен жетістіктер көп. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 7,2 миллиард теңгені құраса, биыл 15,2 миллиард теңгеге жетті. Сол сияқты өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 5,7 миллиард теңгені құраса, биыл 17 миллиард теңгеге жетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі де өткен жылы 14,5 миллиард теңгені құраса, биыл 23,2 миллиард теңгені құрады.
Диқандарымыздың, шаруаларымыздың және кәсіпкерлеріміздің мерекесінде ауыл шаруашылығы тауарларының, кәсіпкерлеріміздің өндірген тауарларының және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі қойылды.
Салтанатты кеш театрландырылған қойылыммен ашылып, аудан тұрғындарын күзгі жиын-терім науқанының аяқталуымен шын жүректен құттықтадым және үздік нәтиже көрсеткен округтерді арнайы мараппаттадым. Бұдан бөлек, сөзге шыққан аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Махамбет Ердешов және аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтар үздік шаруалар мен кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтарға, мекемелерге, БАҚ өкілдеріне алғыс хаттар мен бағалы сый-сияпаттар табыстады.
«Сіздерді дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесі — «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы – барша диқандарымыздың, шаруаларымыздың, кәсіпкерлеріміздің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Ауданымызда ауыл шарушылығы мен кәсіпкерлік саласы жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Мереке құтты болсын!» — дедім, өз сөзімде. Сонымен қатар, мақта кластерін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынып жатқанын, ол үшін Қытайдан, Өзбекстаннан инвесторлар тартылып жатқанын да жеткіздім. Сонымен қатар, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологияларына баса мән беріп жатқанымызды атап өттім.
Айта кетейін, Мақтаарал ауданында мақтаның өнімділігі 27,1 центнерді құрап, облыс көлемінде көш бастады. Түркістан қаласында өткен «Алтын күз» іс-шарасында ауданымыз «Мақта өндіруден озат аудан» атанып, облыс әкімі Д.Сатыбалды арнайы марапаттаған болатын.