Мажарстанда өткен кезекті парламент сайлауы елдің саяси картасына елеулі өзгерістер алып келді. Дауыс беру қорытындысы бойынша, Петер Мадьяр жетекшілік ететін «Тиса» партиясы айтарлықтай басымдыққа ие болып, парламенттегі 199 орынның 138-ін иелену мүмкіндігіне қол жеткізді. Осылайша, оппозициялық күштер заң шығарушы органда конституциялық көпшілікке ие болу жолында тұр.
16 жыл бойы ел үкіметін басқарған премьер-министр Виктор Орбан және оның «Фидес» партиясы сайлау нәтижесін ресми түрде қабылдады. Үкімет басшысы саяси бәсекелесі Петер Мадьярды жеңісімен құттықтап, «Фидес» партиясы бұдан былай мемлекет мүддесі үшін оппозициялық форматта қызметін жалғастыра беретінін мәлімдеді.
BBC-нің мәліметінше, Мажарстандағы парламент сайлауы ел тарихындағы халықтың ең жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Сайлау учаскелері жабылар тұста дауыс берушілердің қатысу көрсеткіші рекордтық 74,23%-ға жеткен. Будапешттегі митинг барысында Петер Мадьяр бұл жеңісті мажар халқының жаңа таңдауы мен ел тарихындағы маңызды белес деп атап өтті.
Ресми ережеге сәйкес, дауыстарды түпкілікті санау процесі 18 сәуірге дейін толық аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта «Тиса» партиясы көш бастап тұрса, «Фидес» партиясы 54 мандатқа, ал «Біздің Отан» партиясы 6 орынға ие болып отыр.



