
Биыл Мажарстанда жеміс-жидек дақылдарының түсімі күрт төмендеп, бұл бағаның өсуі мен экспорт көлемінің азаюына себеп болды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Елдегі бағбандар қауымдастығының мәліметінше, көктемдегі үсік, қуаңшылық және температураның күрт өзгеруі өрік, шабдалы және алма өнімдеріне елеулі зиян келтірген. Жекелеген аймақтарда жеміс шығыны әдеттегі түсімнің 60-80 пайызына жеткен.
Қауымдастық ұсынған есепке сәйкес, әсіресе орталық және солтүстік-шығыс өңірлер қатты зардап шеккен. Бұл аймақтардағы көптеген бақтарды сәуір айында үсік шалған. Жаз мезгілі де ерекше ыстық әрі құрғақ болып, жағдайды одан әрі қиындатты. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзінше, ылғал жетіспегендіктен көптеген ағаш жемісін түйін бере бастағанда, ерте кезеңде-ақ тастаған.
Мажарстан Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге қолдау көрсетіп, шығынның бір бөлігін өтеу мүмкіндігін жариялады. Алайда сарапшылар бұл барлық мәселені шешпейді деп ескертіп жатыр, себебі ауа райының күрт өзгерістері жиілеп барады.
Мажарстан дәстүрлі түрде Еуропалық Одақ елдеріне көп мөлшерде жеміс экспорттайтын, алайда биыл жеткізу көлемі едәуір қысқаруы мүмкін. Жергілікті нарықтарда баға өсіп, көршілес елдерден импорт артуы мүмкін. Сарапшылар тұтынушыларға күзге қарай тосап, шырын және жаңа піскен жемістердің қымбаттауына дайын болуға кеңес береді.