Елордада көптен күткен LRT жобасы іске қосылуға жақын. Бұл туралы CTS компаниясының басшысы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді. Жолаушыларды тасымалдау 16-17 мамырға жоспарланған, деп жазады Astanalife.kz сайты.
Жеңіл рельсті көлік әуежайдан “Нұрлы жол” вокзалына дейін қатынайды. Жол уақыты шамамен 40 минут болса, пойыздар әр 5–10 минут сайын жүріп тұрады. Маршрут EXPO, Mega Silk Way, “Астана Арена” және Министрліктер үйі сияқты маңызды нүктелерді қамтиды.
LRT толық автоматтандырылған, яғни пойыздар жүргізушісіз жұмыс істейді. Әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.
Көп жылдан бері талқыланып келген жоба енді нақты іске қосылу кезеңіне жетті. Сарапшылардың пікірінше, жаңа жүйе қаладағы кептелісті азайтып, қоғамдық көлікті жылдам әрі ыңғайлы етеді.




