ӘлемСпортТуризм
Trending

Каппадокия – тұрақты спорттық туризмнің әлемдік көшбасшысы

Түркияның інжу-маржаны саналатын Каппадокия өңірінде өтетін «Salomon Cappadocia Ultra-Trail» марафоны БҰҰ Туризм ұйымының алғашқы беделді жүлдесіне ие болды.

Испания астанасы Мадридте өткен салтанатты жиында түрік жобасы спорттық туризмнің тұрақты дамуына қосқан үлесі үшін ең жоғары ұпай жинап, «Қауымдастыққа әсер ету» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.

Мұндай жетістік жай ғана спорттық жеңіс емес, табиғат пен адамзат баласының үйлесімін паш ететін үлкен еңбектің жемісі. Жыл сайын әлемнің әр түкпірінен 2000-нан астам кәсіби атлет пен әуесқой жүгірушіні жинайтын аталған дода Каппадокияның қайталанбас ландшафтын халықаралық деңгейде танытып қана қоймай, аймақтың экономикалық әлеуетін де көтеріп келеді. Қазылар алқасы марафонның қоршаған ортаға тигізер зиянының аздығын, жергілікті халықты ортақ іске жұмылдыруын және туристік брендті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Түркияның Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігінің (TGA) қолдауымен өтетін шара биыл 13-ші рет ұйымдастырылмақ. ЮНЕСКО-ның мұрасы саналатын Гөреме мұражайы мен аты аңызға айналған «пері мұржаларының» арасымен өтетін соқпақтар қатысушыларға тек физикалық сынақ емес, рухани ләззат сыйлайды. Түркия ұқсас ауқымды жобалар арқылы өзін тек теңіз бен жағажай емес, жылдың төрт мезгілінде де белсенді демалысқа арналған әлемдік орталық ретінде көрсетіп отыр.

 

Каппадокияның тылсым табиғаты атпен серуендеуді, тау шатқалдарында жаяу жорық жасауды немесе жартастарға қашалған көне шіркеулерді аралауды ұнататын саяхатшылар үшін таптырмас мекен. Заманауи спорт пен көне тарихтың тоғысқан нүктесіне айналған Ultra-Trail марафоны елдің спорттық туризмдегі көшбасшылық орнын бекіте түсті.

БҰҰ мен FIA желілері арқылы жарысқа деген қызығушылық бұрынғыдан да арта түсіп, Анадолы жеріне келетін қонақтардың қарасын көбейтетіні сөзсіз.

TuraNews

Back to top button