Жаңа Конституция – азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жаңа кезең
Өскемен қаласындағы №4 қалалық аурухана ұжымымен кездесу барысында коалиция мүшесі Сергей Попов жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістерге кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласына қатысты нормалардың Конституция деңгейінде нақты бекітілуі мемлекет тарапынан бұл салаға деген жауапкершілікті күшейтеді. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, алдын алу шараларын дамытуға және халық үшін медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сергей Попов жаңа Конституция жобасы дәрігерлердің кәсіби қызметін құқықтық тұрғыда қорғауға да ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де құжатта көрініс тапқанын жеткізді.
«Бұл өзгерістер тек денсаулық сақтау жүйесін жетілдірумен шектелмейді. Олар қоғамның әл-ауқатын арттыруға, мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар», – деді ол.



