БастыҚоғамТехнология
Trending

Жаһандық кибершабуыл: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мәлімдеме жасады

Желіде 17 қарашада жаһандық кибершабуыл болатыны туралы жалған ақпарат тарауда. Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл қауесеттің шындыққа сәйкес келмейтінін және оның қайдан шыққанын мәлім етті.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Telegram-дағы арнасында желідегі кезекті фейкке қатысты мәлімдеме жасады.

Орталық мәліметінше, желіде «цифрлық апокалипсис» туралы жалған ақпарат әлі де таралып жатыр. Бірі қаралым жинау үшін таратса, енді бірі «сақтық үшін» жақындарына жолдайды. Әлемдік және қазақстандық БАҚ бұл ақпаратты тексеріп, оның негізсіз екенін түсіндірген. Алайда бұл ақпарат репосттардың арасында қалып, соның әсерінен қауесет әлі тарауда.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы да аталған фейктің таралу жолын бақылап, ондағы әрбір мәлімдемені жеке-жеке тексерді.

Бұл неден басталды

Бұл қауесет X желісіндегі Wesley лақап атымен тіркелген қолданушының жазбасынан кейін тарай бастады. Ол 1 қарашада португал тілінде жазба жариялап, «даркнеттегі анонимді дереккөзге» сілтеме жасаған. Кейін бұған «кейбір елдер қор жинауға кеңес беріпті» деген екінші ақпарат қосылды. Осылайша бастапқыда бір-біріне қатысы жоқ екі хабарлама бір оқиға ретінде тарала бастады.

«Хакерлер банк шоттарындағы ақшаны нөлге түсіреді»

Банктер шоттардағы қаражат туралы деректерді бір командамен өшіруге болатын бір ғана базада сақтамайды. Мәліметтер бірнеше деректер орталығында қатар сақталады. Сонымен қатар реттеуші органдар банктерден ақпараттық жүйелерді қалпына келтіру жоспарының болуын талап етеді. Мұндай шабуыл болатыны туралы бірде-бір банк те, мемлекеттік орган да ескерткен жоқ.

«Интернет үш айға өшіріледі»

Интернет – көптеген тәуелсіз желілерден тұратын күрделі жүйе. Сондықтан оны бір ғана кибершабуыл арқылы толықтай істен шығару мүмкін емес. Бразилияның Boatos.org фактчекинг ресурсы 17 қарашада интернет пен байланыс қызметтері жаһандық деңгейде өшіріледі деген ақпаратты растайтын ресми дерек пен дәлел жоқ екенін хабарлады.

Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған

Бұл мәлімдеме ішінара рас, алайда оның мәні мүлде басқа. 17 қарашада АҚШ-тың ТЖ жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы ел көлемінде шұғыл хабарлау жүйесін тексереді. Тексеру барысында радио мен телеарналар арқылы бір минуттық сынақ сигналы беріледі. Ұялы телефондарға мұндай хабарлама жіберілмейді.

«Мұны «Симпсондар» мультсериалы алдын ала болжаған»

Тараған жазбада 2023 жылғы мультсериал эпизоды жаһандық жаппай жарықтың өшуімен байланыстырылған. Алайда эпизодта 2026 жылғы қараша туралы ештеңе айтылмайды.

«Шұғыл түрде азық-түлік пен су қорын жинау керек»

Үйде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен қажетті заттардың қорын сақтау туралы кеңестер – кез келген төтенше жағдайға дайындық жөніндегі стандартты ұсыным. Бразилияның A Rede басылымы бұл кеңестің 17 қарашада болуы мүмкін кибершабуылға еш қатысы жоқ екенін атап өткен.

Қазақстанда не анықталды

Қазақстандық журналистер де ақпаратты жауапты мекемелерден нақтылаған. ТЖМ интернеттің өшуі туралы ескертпегенін және қор жинауға шақырмағанын мәлімдеді.

«Қазақтелеком» АҚ желінің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Ал Кибершабуылды талдау және тергеу орталығы ақпараттың ресми дереккөздерде расталмағанын айтты. NUR.KZ осы жағдайды пайдаланып, «ақшаны кибершабуылдан қорғауды» ұсынатын алаяқтардан сақ болуға шақырды.

Via
Nur.kz

TuraNews

Back to top button