БастыСпорт

Испанияда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды

Испанияның Санта Сусанна қаласында Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) 86-шы конгресі өтті. Оның аясында биыл күзде Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды.

Биыл ғасырлық мерейтойын атап өтетін, журналистер өз арасында «спорт басылымдары арасындағы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы» атап кеткен AIPS конгресі жыл сайын түрлі елдерде ротациялық негізде өткізіледі.

1924 жылы құрылған AIPS – спорт тақырыбына маманданған журналистердің халықаралық кәсіби ұйымы. Қазіргі уақытта оның 100-ден астам елден 8000-ға жуық мүшесі бар. Осы жолы құрамында 230-дан астам делегат бар 96 елден келген делегация спорт басылымдары форумында қатысты.

86-шы AIPS конгресі аясында Қазақстан делегациясы 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын таныстырды.

Қазақстандық делегация Дүниежүзілік көшпенділер ойындардың басты миссиясы – әлемдік этноспорт қозғалысын дамыту, жаһандану дәуірінде тарихи-мәдени мұраны және әлем халықтарының алуан түрлілігін сақтау, этноспорт түрлерін, әлем халықтарының дәстүрлі ойындары мен сайыстарын халықаралық аренада насихаттау, дінаралық және мәдениетаралық диалогты, әлем халықтары арасындағы өзара түсіністік, достық пен келісімді нығайту екенін түсіндірді. Қатысушыларға Қазақстан билігінің бұл іс-шараға ерекше мән беретіні де айтылды. Конгресс қатысушылар таныстырылымды зор ықыласпен тыңдады.

Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының президенті Джованни Мерлоныңпікірінше, «Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу Ұлы даланың ғасырлар бойғы бірегей мәдениетімен танысуға қолайлы мүмкіндік береді. Еліңіздегі су тасқынына қарамастан, Қазақстан билігінің әлі де ойындарды өткізуден бас тартпағаны қуантады. Бұл Қазақстанда спортқа зор мән берілетінін айғақтайды».

«Біз өзіндік креативті стилі бар, әлеуеті зор Қазақстандағы спорт журналистикасын асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазақстан делегациясы AIPS форумдарына белсенділікпен қатысып,  оның барысында өз бастамаларын тұрақты негізде ұсынып келеді», — деп атап өтті Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы Азия бөлімшесінің (AIPS ASIA) бас хатшысы Амджад Малик.

«Форумға қатысушылар алапат су тасқынына байланысты еліміздің бірқатар маңызды халықаралық іс-шарадан бас тартып, бюджет қаражатын үнемдегеніне қарамастан, Қазақстан әлі де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайын екенін құптады», — деп түйіндеді Конгресте еліміздің атынан сөйлеген Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы Азия бөлімшесінің (AIPS ASIA) атқарушы комитетінің мүшесі Ілияс Омаров.

Сондай-ақ, AIPS Конгресі аясында «Sport Plus Qazakhstan» жаңа телеарнасының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, қазақстандық делегация өкілдері Қауымдастықтың 100 жылдығы аясында тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанда жас тілшілер үшін (AIPS Young reports) халықаралық AIPS семинарын ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

TuraNews

Back to top button