Иран мен Түрікменстан жүк тасымалын және транзитті арттыруды жоспарлап отыр
Иран мен Түрікменстан екі ел арасындағы транзит және жүк тасымалы көлемін жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыру бойынша ынтымақтастық жол картасы туралы пікір алмасты.

Бұл туралы Иранның жол және қала құрылысы министрлігіне сілтеме жасай отырып Trend жазады.
Ақпаратқа сәйкес, 28 наурызда Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында Иранның жол және қала құрылысы министрі Фарзана Садиг Түрікменстанның көлік және коммуникация министрі Мамметхан Чакиевпен кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында Иран мен Түрікменстан арасындағы құрлық және теміржол арқылы транзиттік және жүк тасымалын арттыруға байланысты мәселелер талқыланды, сондай-ақ Иранның Лотфабад шекара терминалы арқылы жүк тасымалдау мүмкіндіктері зерттелді.
Екі елдің министрлері жүк тасымалына салынатын баждар, оларды төмендету, екі елдің автомобиль жолдарындағы қозғалысты жеңілдету туралы келіссөздер жүргізді.
Кездесуде жолаушыларды тасымалдау мақсатында екі елдің қалалары арасында әуе рейстерін ұйымдастыру, қолжетімді әуе рейстерінің санын арттыру туралы пікір алмасу өтті.
Сондай-ақ, кездесуде екі елдің TRACECA аясындағы ынтымақтастығы ерекше атап өтілді.
Айта кетейік, Иран мен Түрікменстан арасында қысқа мерзімді перспективада 2027 жылдың соңына дейін теміржол арқылы транзит пен жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін арттыру мақсаты қойылған.