ӘлемМәдениетТуризм

Хетт империясының астанасы Хаттушаға саяхат

Қазіргі саяхатшылар тек демалып қоймай, барған мекенінің терең тарихымен танысуға, көне өркениеттердің ізімен жүріп өтуге ұмтылады. Бұл тұрғыда Түркия — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген 22 нысаны бар, тарихи мұраға өте бай мекен.

Осындай бірегей орындардың бірі — Түркияның Чорум провинциясында орналасқан, хетт өркениетінің көне астанасы Хаттуша қаласы. Қола дәуірінің ең қуатты империяларының бірі болған бұл шаһар ЮНЕСКО-ның «Әлем естелігі» бағдарламасына енгізілген 30 мыңнан астам саз балшықтай тақтайшалар архивімен танымал. Ал жуырда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде б.з.д. IV-III ғасырларға жататын, бұрын белгісіз болған 3 көне мазар табылып, саяхатшылар мен ғалымдардың назарын қайта аудартты.

Алғашқылар өркениеті: Хетт империясы

Анадолыда бой көтерген ең алғашқы ұлы өркениеттердің бірі — хеттер б.з.д. XIV ғасырда ірі империяға айналды. Олар зәулім ғибадатханалар мен сарайлар салып, сына жазуы бар ең үлкен архивтердің бірін жасақтады. Солардың ішінде б.з.д. 1259 жылы Египетпен жасалған, адамзат тарихындағы алғашқы жазбаша бейбітшілік келісімі — Кадеш келісімі бар. Бұл құжат қазір Ыстанбұл археологиялық музейінде сақтаулы.

Сонымен қатар хеттер өңірдегі алғашқы саяси-консультативтік орган — Панкус жиынын құрып, азаматтық және мұрагерлік құқықты дамытты. Ал олар 3 200 жыл бұрын Аладжахөйүкте салып кеткен плотина осы күнге дейін егін суаруға пайдаланылып келеді.

Ұлы империяның жүрегіне саяхат

Хаттуша қазіргі Чорум провинциясының Боғазкале ауданында орналасқан. «Мын құдайлар қаласы» деп аталған Хаттуша тас мүсіндер мен зәулім қақпалардан тұратын үлкен археологиялық саябақты елестетеді. Қала екі бөліктен тұрады. Төменгі қалада Ұлы Ғибадатхана орналасса, Жоғарғы қалада Арстанды қақпа, Патша қақпасы мен Сфинкс қақпасы сияқты сәулет өнерінің озық үлгілері сақталған.

Саяхатты одан әрі тастағы барельефтерімен әйгілі Язылыкая ашық аспан астындағы ғибадатханасында және шаһардың әкімшілік орталықтары болған Аладжахөйүк пен Шапинувада жалғастыруға болады.

Хаттуша тарихын толықтырған жаңа мазарлар

Археологтар тапқан жаңа мазарлар Хетт империясы құлағаннан кейін де бұл өңірде өмірдің тоқтамағанын дәлелдейді. Эллинистік және Галатия кезеңдеріне жататын бұл жерлеу орындарының жалпы саны 17-ге жетті. Табылған мазарлардың бірі ерекше сақталған, онда ересек адамның сүйегі мен оның оң иығының жанынан ритуалды пышақ табылды. Қазба және құжаттау жұмыстары аяқталған соң, бұл мазарлар қалпына келтіріліп, туристер үшін ашылатын болады.

Саяхатты Анкарада жалғастыру

Чорумдағы хеттер ізімен жасаған саяхатты Түркияның астанасы Анкарада түйіндеуге болады. Анкарадағы Анадолы өркениеттері музейінде хеттер дәуірінен калған өте бай жәдігерлер коллекциясы қойылған. Сондай-ақ қалада Анкара қамалын, Аныткабирді аралап, атышулы Анкара симиті мен бұрыш косылған леблебидің (қуырылған нохат) дәмін татуға болады.

TuraNews

Back to top button