
2025 жылғы 1 қазаннан бастап Грузияда шетел азаматтарының елде болу мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін және көші-қон үдерістерін қатаң бақылауды көздейтін жаңартылған ережелер күшіне енеді, деп жазады News Georgi сайты.
Атап айтқанда, айыппұлдар едәуір өсіп, елге қайта кіруге тыйым салу мерзімдері ұлғайтылған:
Елде болу мерзімін 3 айға дейін асырып жібергені үшін – 1 000 лари (шамамен 360 доллар) айыппұл салынады және елге алты ай бойы қайта кіруге тыйым салынады;
- 3 айдан 1 жылға дейін — 2 000 лари айыппұл және 2 жылдық тыйым;
- 1 жылдан асқан жағдайда — 3 000 лари және 3 жыл бойы елге кіре алмайды.
Бұрын бұл санкциялар әлдеқайда жұмсақ болған.
Транзит ережелерін бұзғаны үшін — 500 лари айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, шетелдіктерді шақыру кезінде белгіленген рәсімдерді бұзған жеке және заңды тұлғаларға қатысты жауапкершілік те күшейтілді — айыппұл 1 000 лариден 2 000 лариге дейін ұлғайтылды.
Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізілді:
- Енді Грузияда қылмыс жасаған шетелдіктерді сот елден шығарып жіберіп, бір мезгілде елге кіруге тыйым сала алады:
- 2 жылдан 10 жылға дейін – жеңіл қылмыстар үшін;
- 5 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін елге кіруге тыйым салу мерзімі 5 жылдан аспайды.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдықтардың мақсаты — заңсыз көші-қонды бақылауды күшейту, баспана алу кезінде теріс пайдаланудың алдын алу және шетелдіктердің елде болуын реттейтін ашық жүйе құру.
Бұл түзетулер пакетін парламент шілде айында мақұлдап, ол 18 заңнамалық актіні, соның ішінде «Халықаралық қорғау туралы» заңды қамтыды.