БастыСаясат

Герман Нұрбаев ТМД Экономикалық сотының төрағасы болып сайланды

Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев Минскіде (Беларусь) ТМД Экономикалық соты пленумының жұмысына қатысты.

Қатысушылар арасында мүше мемлекеттердің жоғары сот органдарының өкілдері мен ТМД ЭС судьялары болды.

Қатысушыларға ізгі тілегін білдіре отырып, А.Мерғалиев ТМД Экономикалық сотының мемлекетаралық экономикалық дауларды шешудегі әлеуетін және оның Ad hoc жұмысының заманауи форматын атап өтіп, сот төрелігінің қолжетімділігі мен судьялардың ұтқырлығына назар аударды.

Кездесу барысында Экономикалық соттың ынтымақтастығы мен қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін А.Мерғалиев ТМД Экономикалық сотының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қазақстанның сот жүйесі үшін маңызды оқиға және Пленум отырысының негізгі мәселесі Қазақстан Республикасынан ҚР Жоғарғы Сотының және ТМД Экономикалық сотының судьясы Герман Нұрбаевтың ТМД Экономикалық сотының төрағасы болып сайлануы болды.

Пленум мүшелері Ғ.Нұрбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Таныстыру кезінде оның жоғары кәсібилігі және заң саласындағы көп жылдық тәжірибесі атап өтілді.

Қазақстан өкілінің ТМД Экономикалық Сотындағы төрағалығы отандық сот жүйесінің жаңа тарихының жаңа тарауын ашады және еліміздің ТМД құқықтық институттарын дамытудағы рөлінің артып келе жатқанының дәлелі болып табылады.

ТМД ЭС төрағасының орынбасары болып қырғызстандық Айбек Давлетов сайланды.

А.Мерғалиев Андрей Плотниковке төраға ретіндегі жемісті жұмысы және ТМД Экономикалық сотының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, Экономикалық сот – ТМД-ның жарғылық органы, өз қызметін ad hoc форматында нақты істерді қарау бойынша жүзеге асыратын тұрақты жұмыс істейтін халықаралық сот органы.

Сот ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өздерінің экономикалық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге шақырылған және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы дауларды қарау және Достастықтың халықаралық құқықтық актілерін түсіндіру құзыретіне ие.

Соттың орналасқан орны — Минск қаласы, Беларусь Республикасы.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button