Ажырасу бойынша Қазақстанның әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті.
«Қазақстан ажырасу жиілігі бойынша 4,6 коэффициентпен Мальдивтан кейінгі екінші орында тұр», — делінген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Айта кетерлігі, жалған ақпараттың басты дереккөзі — worldpopulationreview.com сайтындағы мақала. 2022 жылдың қорытындысында ажырасу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 2,27-ні құрады. 2020 және 2021 жылдармен (тиісінше 2,56 және 2,54) салыстырғанда коэффициенттің төмендеуі байқалады. 2023 жылдың қорытынды деректері сәуір айының соңында жарияланады», — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Ұлттық статистика бюросы мақала авторына әлемдік ресурста қате деректің таралғаны туралы хат жіберген. Сонымен қатар бюро ресми дереккөздерге сүйенуді, таратылған деректерді қайтадан тексеріп алуды өтінеді.