Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Еурокомиссияның ішкі істер және көші-қон жөніндегі Бас директоратының сарапшыларымен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo ақпарат агенттігінің мәліметінше, кездесуде тараптар Өзбекстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мүмкіндігін талқылады. Оның барысында ресми Ташкентке бірқатар міндетті шартты орындау ұсынылды. Кейін аталған мәселе Еурокомиссия отырысының күн тәртібіне енгізілмек.
Келіссөз қорытындысы бойынша ЕО мен Өзбекстан өзара міндеттемелерді тез арада орындау және бұл мәселе аясында екіжақты кездесулерді тұрақты негізде ұйымдастырып тұруға уағдаласты.
Еске салайық, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан АҚШ азаматтары үшін 30 күндік визасыз режим енгізеді. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізуге бағытталған келісім биыл маусымда күшіне енген болатын.



