Мұсылман үмбеті асыға күтетін мейрам елорда мешіттерінде айт намазын оқумен басталды, деп жазады Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметі.
Астана қаласының зәулім мешіттері – ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешіт пен «Әзірет Сұлтан» мешітіне жиналған жамағат алдымен уағыз-насихатты тыңдады.
ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық Бас мешітте айт намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты.
ҚМДБ Төрағасы мұсылман қауымын айт мерекесімен құттықтай келе: «Исламда әрбір құлшылықтың мақсаты – мұсылман баласын Аллаға жақын ету. Сол секілді Рамазан айында ұстайтын ораза да адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Нәпсімен ғана күресетін айлардың сұлтанында көп құлшылық, адамдарға жақсылық жасауға тырысамыз. Ал Рамазан айының негізгі мақсаты орындалуы үшін өмір сүру салтымыз, күнделікті дағдымыз бұл айдан кейін де өзгермеуі керек. «Нағыз Рамазан ораза біткеннен кейін басталады» деп бекер айтылмаған. Әртүрлі күнәдан, жаман әдеттерден аулақ болуға тиіспіз. Сондай-ақ оразамыздың қабыл болуын ұдайы тілеп, келесі Рамазанға аман жетуді Жаратқаннан сұрағанымыз абзал. Шама келгенше аптасына бір-екі күн, Арапа, Ашура күндері ораза ұстау, ең бастысы мінезіміздің көркем болуы осы Рамазанның жемісі болмақ» деді.
Айт құтты болсын!