Еліміздің Түркіменстаннан авиациялық керосин алу мүмкіндігі қарастырылуда
Еліміз Түрікменстаннан авиациялық керосин импорттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп жазады TuraNews.kz ҚазАқпарат агенттіне сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білетіндей, Түрікменстан да біз сияқты мұнайлы ел және мұнай өңдеу қуаттары бар. Олар өз өнімдерін Каспий теңізі арқылы экспортқа шығарады. Осы жылдың басында Түрікменстанда шығарылған авиациялық отынды тестілеуден өткізу нұсқасын қарастырдық. Ол үшін авиациялық керосиннің тиісті көлемі жеткізіліп, тікелей зертханаға жіберілді. Аталған зертхананың қорытындысын күтіп отырмыз. Ал бензин мен дизель отынына қатысты айтар болсам, біз бұл мәселені қарастырған жоқпыз», — деді Ерлан Ақкенженов XV KazEnergy Еуразиялық форумы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы орайда вице-министр өнімің өзіндік құнына тасымалдау шығындары да кіретіндігіне назар аудартты.
«Яғни, егер біз тасымалдау тұрғысынан қарайтын болсақ, онда Түрікменстаннан әкелу өзге елдерге, Ресейге қарағанда біршама қымбатқа түседі. Жалпы, біз барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Әзербайжан, өзбек әріптестерімізбен сөйлестік. Күні кеше ғана өзбекстандық әріптесім – вице-министрмен сөйлестім. Олар дизель отынын жеткізуге дайын екендігін білдірді. Өздеріңіз де Өзбекстанда бензин жетпейтіндігін білесіздер. Керісінше, әріптестеріміз бізден бензин бөлісуді сұрап отыр. Қандай да бір көлем жайында сөз жоқ. Тек алдын ала сөйлесу ғана болды. Мәселе жан-жақты, тыңғылықты зерделенбеді», — деді ол.