Даниядағы Түркия елшілігінің алдында Құран өртелді
Дания астанасы Копенгагенде орналасқан Түркия елшілігінің алдында қасиетті Құран кітабын қорлау акциясы өтті, деп жазады Turanews.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні «Danske Patrioter» антиисламдық және ультраұлтшыл тобының (Дат патриоттары) мүшелері Копенгагенде мұсылмандардың қасиетті кітабына қарсы арандату жасады.
Арандатушылар тобы ислам дініне тіл тигізетін сөздерді ұрандатып, кейін Копенгагендегі Түркия елшілігі ғимаратының алдында Құранның көшірмесін жағып жіберді. Олар исламға қарсы сөздер жазылған транспаранттар көтеріп, түрік тауарларына бойкот жариялауға шақырды.
Акция полицейлердің бақылауымен өтті.
Айта кетейік, 27 шілдеде Даниядағы Ирак елшілігінің алдында Құран өртелген болатын. Ал 28 шілдеде «Danske Patrioter» оңшыл радикал топтың өкілдері Копенгагендегі Мысыр мен Түркия елшіліктерінің жанында қасиетті кітапты жағып жіберді.
Дәл осындай провокация шілденің соңғы күнінде Швецияда өтті. Парламент ғимаратына жақын жерде Ирак мигранттары Салван Момика мен Салван Наджем Құранды өртеді.
Қазір Дания мен Швеция үкіметтері сөз және пікір еркіндігі принциптерін бұзбай, Құран мен өзге де діни мәтіндерді көпшілік алдында жағу акцияларына қалайша тыйым салуға болатынын ойластырып жатқаны хабарланды. Кейінгі уақытта осындай акциялар аталған елдерге айтарлықтай проблема туындатып отыр.