
Отырыс барысында Өзбекстан ІІМ өкілдері сенаторларға былтыр елде тіркелген құқық бұзушылықтар туралы баяндады. Ресми дерекке сай, 2024 жылы республикада 132 298 қылмыс жасалған.
Ішкі істер органдары оның 92,4 пайызын әшкерелеп, іздеуде жүрген 8 736 адамды ұстаған. Сонымен бірге, із-түзсіз жоғалған 567 өзбекстандық табылды.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыс жасаған 3 880 адам темір торға қамалып, олардан 239,5 млрд сум (шамамен $18,6 млн) қаражат өндіріп алынды.
Қысым көрген және зорлық-зомбылық әрекеттерінен зардап шеккен 54 мыңнан астам әйелге қорғау ордері ұсынылды. Сондай-ақ, отбасылық жанжалдың құрбаны болған 625 әйел Оңалту және бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
Мұнымен бірге, сенаторлар жол-көлік оқиғаларының жиілеп бара жатқанын атап өтті. ІІМ дерегіне сай, былтыр 9 364 апат болып, салдарынан 8 901 азамат жарақат алды және 2 203 адам қаза тапты.
Жол-көлік апаттарының 47,1 пайызы жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуінен, 22,8 пайызы жоғары жылдамдық пен 3,7 пайызы рульде қалғып кету салдарынан болған.
Тіркелген киберқылмыстардың да саны аз емес. Былтыр 58,8 мың қылмыс жасалды. Барлық жағдайда азаматтардың банк карталарынан қаражат жымқырылған.