ҚоғамСаясатЭкономика

Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енеді

Бүгін, 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енеді. Енді екі ел азаматтары туристік мақсатта шекарадан еркін өтіп, 30 күн бойы жүре алады, деп жазады TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме беріп.

Визасыз режимнің күшіне енуі шекарадағы бақылау бекеттері мен аумақтағы басқа да қызметтердің жұмысына қосымша салмақ түсіргелі тұр. Әсіресе, көлік қозғалысы, жолаушылар тасымалы, қонақ үй мен тамақтану орындарының қызметіне қатысты дайындық жұмыстарын ширату күн тәртібінде. Бұл жұмыс Жетісу облысының Панфилов ауданында да жүріп жатыр. Аудан аумағында бірнеше шекаралық бекет бар. Оның ішінде «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысы қызайын деп тұр. Екі ел азаматтары негізінен осы бекет арқылы өтіп, қатынайды.

Осыған орай Панфилов ауданы әкімдігінің жанындағы кезектен тыс аудандық жедел штаб отырысы өтті. Отырыста Қытай елімен визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты шекаралық аумақта туындайтын мәселелер талқыланды.

Жиынға прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара және кеден қызметі мен құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ өзге де мекеме басшылары қатысты.

Отырыста аудан әкімі Марат Сағымбек «Нұр жолы» өткізу бекетіндегі жолаушыларды қабылдау бөлімі ондағы көрсетілетін қызметтер түрі мен автобус тасымалы сынды мәселелерді жеткізіп, бірқатар мекеме басшыларына кемшіліктерді жою туралы тапсырма берді.

«Визасыз режим еліміздегі туризмді дамытуға серпін береді. Біз туристік аймақ ретінде сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Бұл біздің ауданымыздың экономикасы үшін айтарлықтай пайдалы. Болашақта түрлі қызмет көрсету орындарын ашып, туристік бағытта жұмыстар жүргізбекпіз. Қазірдің өзінде оған қатысты жоспарларымыз бар. Бастысы шекара маңын тәртіпке келтіріп, бәрін бір жолға қойып, заңды түрде жұмыс жүргізу міндеті тұр», — дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.

TuraNews

Back to top button