БастыҚоғамМәдениет

Бүгін — Абай күні

Бүгін елімізде Абай күні аталып өтеді. Бұл күн Үкімет қаулысымен 2020 жылы – Абайдың 175 жылдығында белгіленген болатын.

Қазақтың ұлы ақыны, ұлттық жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Абай Тобықты руының Ырғызбай тобынан тарайды. Ауыл молдасынан оқып жүрген кезінен-ақ зеректігімен көзге түскен ол Семей қаласында 3 жылдық медреседе тәрбие алады. Әжесі Зере, шешесі Ұлжанның тәлімімен жетіледі.

Абайдың әкесі Құнанбай ел басқарған кісі. Оның ұлын оқудан ерте шығарып алуы да – сол ел ісіне араластыру мақсаты еді. Абай тез есейіп, балалықтан да ерте өтіп, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, оларды өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді.

Абай жас кезінен-ақ оқудан қол үзген емес. Бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули секілді ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов шығармаларымен танысады. Сонымен бірге Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңейтіп, білімін шыңдай түседі.

Жасы отыздан асқанда Абай орыс тіліндегі кітаптарды оқуға мықтап кіріседі. Сол тұста Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Ол демократтардың бірі – Михаэлис еді. Сонымен қатар 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді. Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдарға сай келеді. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған. Тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры» өлеңдерінен бөлек, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдері сол кездегі әлеуметтік жағдайдан молынан хабар береді.

Абайтанудың білгірі, әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезов атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Өсе келе Абай елдегі пайдасыз дау-шардан жерініп, қазақтың жылдар бойы қалыптасып қалған қоғамдық және әлеуметтік мәселелеріне жіті үңіле бастайды. Қазақтың азаттығынан айырылып, итше ырылдасып көрген күніне налиды. «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп басыбайлы бодандыққа байланған халқының мұңын жоқтайды.

Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» — Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында. Абай қазақтың өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп атауға болады.

Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – Абайдың өз балалары. Бұл ретте Абай мектебі жайлы тірісінде тоталитарлық жүйемен тіресіп өткен ғалым Қайым Мұхамедханұлының еңбегін ерекше атап өту керек. Совет заманы орнаған кезде Абайды жоққа шығаруға талпынған сұрқия саясат шеңгелі ұлтты ұлы ақынынан да айыруға күш салған болатын. Алайда Мұхтар Әуезовтың ерлігі мен Қайым Мұхамедханұлының қайсарлығы ұлтың ұлы мұраларын саясаттың қиянатынан сақтап қалды.

Абайдың өз заманында ел ісіне бір кісідей араласқанын 1885 жылы мамыр айында Шар өзенінің бойындағы Карамола деген жерде Семей генерал-губернаторы Цеклинскийдің басқаруымен Семей губерниясына қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болысы бас қосқан төтенше съезінің тарихынан байқаймыз. Осы съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу міндеті тапсырылды. Абай бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымындағы әдет заңдарына да, патша өкіметінің халықты канаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше кұжат еді. Оның, әсіресе, ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ Абайдың беделін өсірген Қарамола съезінен кейін оның қарсыластары көбейіп кетеді. 1890 жылы Байғұлақ, Күнту деген кісілер бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде Абайға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 жылы Оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, Абай өміріне қастандық жасауға әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа жазған хатында айғақты деректермен дәлелдеп береді. Ақын ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, «тура биде туған жоқ» қағидатын ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбін шығармашылыққа арнаған.

Абай тек ақын емес, сонымен бірге сазгер екенін де атап өту керек. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» әндері әлі күнге халық жүрегінде. Одан бөлек Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайда қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар.

Ақынның өз кіндігінен он бала тараған. Бәйбішесі Ділдәдән: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Райхан, Күлбадан, кенже баласы Мағауия. Екінші әйелі Әйгерімнен (Шүкіман) – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже. Абайдың үміт күткен талантты балалары: Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл. Әкелерінің өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан, әнші, домбырашы болған.

Абайдың ақыл-ойынан туған мұрасы — айналып келгенде Алашқа үндес қазақтың ұлттық идеясы еді. Ақынның ұлы жүрегі тоқтағаннан кейін де Әлихан Бөкейханұлының ақын шығармаларын жинақтап, басып шығаруға күш салуы, Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп баға беруі де сондықтан.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button