Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов биыл электр энергиясын өндіру құнына әсер ететін шығындар артып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Министрліктің құзыретіне энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге шекті тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту мәселелері кіреді. Халық және соңғы тұтынушылар үшін тарифтерді түзетумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады. Электр энергиясына арналған тарифтер «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді. Бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге жұмсаған шығындары іс жүзінде ұлғайған жағдайда, олар шекті тарифтерді түзетуге уәкілетті органға өтінім беруге құқылы. 2022 жылы шығындардың ұлғаюы болжанып отыр», — деді Жандос Нұрмағанбетов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда ол «Богатырь-Көмір» разрезінен көмір құнының өсуі ескерілгенін атап өтті. 2022 жылғы 1 тамыздан бастап 7 пайызға өсуі, ал 1 қыркүйектен бастап тағы 5 пайызға артуы шығындардың көбеюіне ықпал етеді.
«Жалпы, 2022 жыл ішінде көмірдің құны 30 пайызға артады. Теміржолдар бойынша көмірді жеткізу бағасы жыл басынан бері Қазақстан бойынша орташа есеппен 5 пайызға өсті. Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 шілдеден бастап тауар газының құны энергия өндіруші ұйымдар үшін орта есеппен 15 пайызға өсті», — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанның электр энергетикасы саласындағы ескірген активтерді жаңарту керек екенін айтты.