
Әзербайжан астанасы Баку қаласында «Түркі әлемінің 4-ші Халықаралық инженерлік, сәулет және қала құрылысы құрылтайы» өз жұмысын бастады. Түркі мемлекеттерінің технологиялық әлеуетін арттыруды мақсат еткен жиында сауда, қорғаныс өнеркәсібі және ортақ тарих саласындағы маңызды жобалар талқыланды.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, жиын барысында Түркияның жаңа қорғаныс жетістігі – «Yıldırımhan» (Йылдырымхан) зымыраны түркі әлемінің қауіпсіздігі тұрғысынан ерекше назарға алынды.
Жиынға қатысқан Түркияның билеуші партиясы Төрағасының орынбасары және Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Зорлу Йылдырымхан түркі елдерінің ынтымақтастығы жаңа белеске көтерілгенін атап өтті. Ол өз сөзінде Түркияның қорғаныс саласындағы жетістіктері тек бір елдің емес, бүкіл бауырлас халықтардың мақтанышы екенін тілге тиек етті.
««Yıldırımhan» зымыраны – шын мәнінде бүкіл түркі әлемінің стратегиялық бағыттары тоғысқан ортақ белесі және тарихқа алтын әріппен жазылатын бірегей туындысы. Бұл технологиялық жетістік біздің аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болмақ», -деді ол.

Құрылтай барысында Түркия Республикасы Ұлттық қорғаныс министрлігінің ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан жасалған «Yıldırımhan» баллистикалық зымыранының техникалық деректері таныстырылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, гипердыбыстық жүйе дыбыс жылдамдығынан 25 есе жоғары (Mach 25) қарқынмен қозғала отырып, 6 мың шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысаналарды дәлдікпен бағындыруға қабілетті. Гипердыбыстық технологиямен жабдықталған аталмыш кешен, ұшу траекториясы мен жылдамдық көрсеткіштері бойынша заманауи қорғаныс өнеркәсібінің соңғы техникалық талаптарына сай әзірленген.
Сарапшылардың пікірінше, аталған қару тек әскери мақсатта ғана емес, Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің халықаралық аренадағы саяси салмағын арттыруда үлкен рөл атқарады.
Форум аясында тек әскери емес, сонымен қатар экономикалық жоспарлар да сөз болды. Зорлу Йылдырымханның айтуынша, 2030 жылға қарай Түркі мемлекеттерінің ортақ экономикалық жүйесі әлемдегі 8-ші ірі экономикаға айналуы тиіс. Сонымен қатар, Түркия мен Әзербайжан арасында басталған «Ортақ тарих» оқулығы жобасы да түркі халықтарының рухани тұтастығын нығайта түспек.
Бакудегі алқалы жиын түркі дүниесінің инженерлік және технологиялық салаларда өзара тәжірибе алмасып, болашақты бірге құруға деген ниетін тағы бір мәрте дәлелдеді.



