Аталмыш жарыста кәрі құрлықтың 15-ке жуық елінің спортшылары бақтарын сынауда.
Қазақ күресі федерациясы мәлім еткендей, «Біріккен Күрес әлемі» (UWW) аясында өтіп жатқан біріншілікте ерлер мен әйелдер белдесіп, 16 салмақ дәрежесінің мықтыларын анықтайды.
Жарысты алғысөзбен ашқан UWW Конгресі бюросының мүшесі, дәстүрлі күрес түрлері комитетінің президенті Родика Мария Якши Еуропа чемпионатының қазақ күресін дамытудағы рөлін атап өтіп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Салтанатты іс-шара барысында сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов аталмыш чемпионаттың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Қазақ күресі Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрінің синтезінің нәтижесі десек те болады. Төл күресіміз 1938 жылдан бері республикалық жарыстардың бағдарламасына кіреді. Ал 2016 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 әлем кубогы және 5 Еуропа чемпионаты өтті. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзербайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін», — деген Дамир Әсенғазыұлы балуандарға жеңіс пен сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Дамир Бекбосынов UWW өкілдері мен жергілікті федерацияның басшылығына Қазақстаннан жеткізілген арнайы кәдесыйларды, Әзербайжан Ұлттық спорт ассоциациясының президенті Казым Курбановқа Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті әрі ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хатын табыстады.
Еуропа чемпионатының демеушісі – Sport Qory спортты қолдау қоры.
Еске салсақ, қазақ күресінен соңғы Еуропа чемпионаты Сербияның Зренянин қаласында өткен болатын.