Мәдениет

Әзербайжанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 1-ші отырысы өтіп жатыр

30 сәуірде Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры (Қор) Кеңесінің 1-ші отырысы өтуде.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтып берді.

«Кеңес құрамына Қорға мүше елдердің мәдениет министрлері кіреді. Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барады»,- деп БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде айтты Смадияров.

Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылғы 23 тамызда құрылған және Түркі мемлекеттері ұйымының еншілес құрылымдық бөлімшесі.

Қордың негізгі міндеттері – түрлі іс-шараларды, жобалар мен бағдарламаларды қолдау және қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, зерделеу және ілгерілету.
Отырыс барысында Қордың ағымдағы қызметі бойынша мәселелер, сондай-ақ 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жобасы талқыланады.

Қордың мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия. Қор хатшылығы Баку қаласында (Әзербайжан) орналасқан. Ұйымның 10-шы саммиті барысында Қордың президенті ретінде Қазақстан өкілі Ақтоты Райымқұлова тағайындалды.

 

TuraNews

Back to top button