БастыСаясат

Әзербайжан Пәкістаннан жойғыш ұшақтар алып, елге $2 млрд инвестиция салады

Әзербайжан Пәкістанмен қорғаныс байланыстарын нығайтуға мүдделі және осы елге $2 млрд инвестиция салуға дайын.

Бұл туралы Пәкістан ақпарат министрі Аттаулла Тарар жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында айтты.

— Әзербайжан жақын арада Пәкістаннан JF-17 Thunder жойғыш ұшақтарының алғашқы партиясын алады, ал болашақта бұл ұшақтарды бірлесіп өндіруге болады, — деді министр.

Оның айтуынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Пәкістанмен қорғаныс байланыстарын нығайтуға үлкен қызығушылық танытып, осы елге $2 млрд инвестиция салуға уәде еткен.

Сонымен қатар, Тарар инвестициялар бойынша талқылаулар аяқталу сатысында екенін атап өтіп, президент Әлиевтің сәуір айында Исламабадқа сапары кезінде тиісті келісімдерге қол қою жоспарланғанын растады.

— Әзербайжан Президенті Пәкістанның қорғаныс өнеркәсібі және инфрақұрылымын дамытуға қатысты ынтасын білдірді. Сондай-ақ, келіссөздер барысында автомобиль жолдарының құрылысы және басқа да ірі жобалар қамтылды, — деді ол.

Айта кетейік, 23-25 ақпанда Пәкістан премьер-министрі Мұхаммед Шахбаз Шариф Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында қорғаныс және әскери өнеркәсіп саласындағы өзара іс-әрекеттестіктен бөлек экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келіссөздер жүргізілді. Мемлекет басшылары Бакудегі Пәкістан-Әзербайжан бизнес-форумына да қатысты.

 

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button