Автокөлік тарихын қалай тексеруге болады?
«Автокөлік тарихы» онлайн сервисі іске қосылған сәттен қазақстандықтар 2 миллионнан астам көлік құралын тексерді, деп хабарлайды Turanews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі қолданыстағы көлікті сатып алмас бұрын оның тарихын тексеріп алу керектігін ескертеді.
Қазақстанда автокөлік тарихын онлайн-режимде көруге болады. Ішкі істер министрлігі іске қосқан «Автокөлік тарихы» қызметі көлікті сатып алып жатқанда оның тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді:
- автокөліктің Қазақстанда алғашқы тіркелу күні;
- бұрынғы иелерінің саны;
- кепілдіктер мен ауыртпалықтардың бар-жоғы, сонымен қатар басқа да мәліметтер.
Қазіргі уақытта қызмет Smart Bridge-де орналасқан. Сервис «102» және «Halyk Bank», «Bereke Bank», «CenterCredit», «ForteBank» мобильдік қосымшаларында, сондай-ақ Aster.kz сайтында қолжетімді.
Алдағы уақытта ІІМ «Автокөлік тарихына» «бірыңғай сақтандыру деректер базасын» қосуды жоспарлап отыр. Бұл көліктің жол апатына ұшыраған-ұшырамағанын қосымша тексеруге мүмкіндік береді.