ДенсаулықҚоғам

Аутизмге шалдыққан баланы қоғамға бейімдеу: ата-аналар тәжірибе алмасты

Бүгін Астанада аутизммен ауыратын балалардың ата-аналарына арналған «Аutism Talks» шарасы өтті. Оған осы дертке шалдыққан және дамуынан басқа да ерекшеліктер анықталған бүлдіршіндердің 200-ден астам ата-анасы қатысты, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Жоба аясында қор бүкіл Қазақстан бойынша 70 мамандандырылған оңалту мекемесі мен кабинетін ашты және жабдықтады. Оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинетін аштық. Жоба ерекше білім беруді қажет ететін 2000-нан астам баланы қамтыды. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 700-ден астам бала мектеп табалдырығын аттап, құрдастарымен бір партаға отырды. Ол балаларды бұрын мектептерге және арнайы сыныптарға да алмаған. Енді олар қор жұмысының нәтижесінде барлығымен тең дәрежеде мектепке барып, білім алып жүр. Біздің қордың бастамасымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы оқу бағдарламалары да әзірленді, яғни әр бүлдіршіннің ерекшелігіне қарай білім беріледі», — деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Ғаплан.

«Біздің орталықта 15 маман жұмыс істейді. Бүгінге дейін 2 мыңнан астам балаға диагностика жасадық. Орталықта 35 бала оңалтудан өтіп жатыр. Қазір аутизммен ауыратын балаларға қоғам ыңғайлы болып келеді. Осыдан 15 жыл бұрын, менің балама осы диагноз қойылғанда қоғам мүлдем дайын емес еді. Барлығы менің баламның мектепте оқығанына қарсы болды. «Далаға шығарма, мектепке берме, үйде отырсын» деп, шектеп ұстатуға тырысты. Бірақ, біз жұбайым екеуміз баламен басқаша жұмыс істейміз деп шештік. Осы өз жолымызбен жүріп, жетістікке жете білдік. Оған қуаныштымыз. Осыдан кейін көпшілік бізден көмек сұрап келді. Сұраныс көп болғаннан кейін, біз орталық аштық», — деп атап өтті Сара Қазыбаева.

Шараға ата-аналармен қатар, аутизм дертімен ауыратын балалармен жұмыс істейтін мамандар да қатысты. Олар келушілерге кәсіби кеңес берді.

TuraNews

Back to top button