Аустралия Тувалу тұрғындары үшін арнайы климаттық виза ұсынады
Аустралия мен Тувалу 2023 жылы архипелаг тұрғындарына климаттық виза беру туралы келісімге қол қойды.

Архипелаг баяу батып бара жатқандықтан, Тувалу халқының үштен бірі Аустралияға арнайы климаттық виза алуға өтініш білдірді, деп хабарлайды Reuters агенттігі Тувалудың БҰҰ-дағы елшісі Тапугао Фолефуға сілтеме жасап.
Аустралия мен Тувалу 2023 жылы архипелаг тұрғындарына климаттық виза беру туралы келісімге қол қойды. Енді, міне, мұндай визаларды рәсімдеу мүмкіндігі пайда болып, 1124 адам оны пайдаланып үлгерді. Өтініш бергендердің саны, оның ішінде отбасы мүшелері – 4052 адам. Тувалуда 11 000-нан аз халық бар.
Аустралиялық климаттық визаны алған тувалулықтар елде тұру, жұмыс істеу және оқу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар олар аустралиялықтармен бірдей негізде денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін пайдалана алады. Жыл сайын небәрі 280 виза бөлініп, өтініш берушілер арасында лотерея ойнатылады. Фолефу «осы мүмкіндікті қарастыратын адамдардың санына таңғалғанын» айтты.
Тувалу — ауданы 26 шаршы метр және 10 600 халқы бар тоғыз шағын атоллдан (сақина тәрізді маржан аралдары) тұратын арал мемлекеті. Ғалымдардың болжамы бойынша, қазіргі жаһандық жылыну үрдісі сақталатын болса, 2100 жылға қарай ел аумағының 95 пайызы су астында қалады. Сонымен бірге, кейбір сарапшылар архипелаг 2050 жылға қарай адам тұруға жарамсыз болады деп отыр. 2023 жылы Тувалу конституциясына өзгерістер енгізді, оған сәйкес мемлекет бүкіл аумағы су астында қалса да өмір сүре береді.