
Астана әкімдігінің қаулысына сәйкес, елордада жылу беру маусымы 2 қазанда басталады.
«Астана-Теплотранзит» АҚ жылу беру маусымының басталуына және елорда тұтынушыларына жылу энергиясын сенімді тасымалдау мен таратуға толық дайын екенін хабарлады.
«2 қазаннан бастап елордада жылу кезең-кезеңімен беріледі. Барлық нысанды жылуға алдағы бірнеше күн ішінде толық қосу жоспарланып отыр», — делінген Астана әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ресми мәлімет бойынша, жылу беру маусымына дайындық аясында жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, анықталған ақаулар жойылды, сондай-ақ жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Бұған дейін Павлодар облысында жылу беру маусымы 14 қыркүйекте басталғаны хабарланған еді. Ал 1 қазанға дейін ауа райы жағдайына байланысты солтүстік және шығыс өңірлерде жылу берілуі тиіс болатын. Бұл туралы осыдан екі апта бұрын Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтқан.



