Технология

Астанада Әлихан Серікзатұлы Мақсұтты еске алуға арналған халықаралық робототехника фестивалі өтеді

2025 жылдың 6 мамырында Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Бас ғимаратында дарынды оқушы, жалынды жас ақын, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы, ерте дүниеден өткен Әлихан Серікзатұлы Мақсұтты еске алуға арналған «RoboZerde-2025» I халықаралық робототехника фестивалі өз жұмысын бастайды.

Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда 20 аймағынан (17 облыс және 3 қала) және Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 10–18 жас аралығындағы 200-ден астам мектеп оқушылары қатысады. Олар келесі 6 санат бойынша өзара бақ сынайды:

* Micro-FPV (12-18 жас)

* Дрон футболы (12-18 жас)

* Басқару симуляторы (10-18 жас)

* Мерген (14-18 жас)

* Инверсті сызық бойымен жарыс (9-13 жас)

* Шығармашылық байқау – «My Extra Case Competition» (13-18 жас)

Фестивальдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың робототехника саласына деген қызығушылығын арттыру, ғылыми-техникалық шығармашылық қабілеттерін дамыту, техникамен жұмыс істеуге баулу және болашақ мамандығын дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар, фестиваль аясында Әлихан Мақсұттың жарқын бейнесін насихаттап, оның ғылым мен өнердегі зор жетістіктерін жас буынға үлгі ету көзделген.

Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі ЕҰУ-дың Президент аудиториясында (№208) өтеді. Ашылу алдында белгілі режиссер Мұрат Есжан түсірген Әлиханның өмірі мен арманын баяндайтын «Әлиханның арманы» атты деректі фильм көрсетіледі.

Барлық жарыс түрлері University Sports Centre спорттық кешенінде өтеді. Әр санат бойынша үздік танылған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы марапаттармен марапатталады.

Фестиваль бағдарламасы:

* 08:00–08:30 – Қатысушыларды тіркеу

* 08:30–09:30 – Дайындық, нұсқаулық

* 09:30–09:50 – Роботтарды карантинге қабылдау

* 10:00–10:30 – Салтанатты ашылу рәсімі

* 10:30–13:00 – Сайыстар

* 13:00–14:00 – Түскі ас

* 14:00–16:00 – Сайыстар жалғасады

* 16:00–16:40 – Қорытынды шығару

* 17:00 – Фестивальдің жабылуы, марапаттау рәсімі

Өтетін орны: Астана қаласы, Сәтпаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Бас ғимарат

Ұйымдастырушылар:

* «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы

* «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры»

* Астана қаласы Білім басқармасы

* «Астана дарыны» орталығы

* №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі

* Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

* Astana IT University

* «Роботек» білім беру мектебі

* «KAZ ROCKETS» қоғамдық қоры

* «My Extra Lab» ЖШС

TuraNews

Back to top button