Астанада алғаш рет Азия теннис федерациясы директорлар кеңесі өткізілді
Шараға Қытай, Үндістан, Корея Республикасы, Өзбекстан, Камбоджа, Пәкстан, Түркменстан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Малайзия, Сингапур, Гонконг, Иордания және Қазақстан елдерінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде табысты даму үшін үш міндетті шарт: инфрақұрылымды жақсарту, бапкерлік әлеуетті арттыру және жақсы қаржыландырумен қамтамасыз ету қажеттігі талқыланды.
«Астанада Азия теннис федерациясының директорлар кеңесін өткізіп, дамыту бойынша кеңесшілер тобын қабылдау біз үшін үлкен құрмет. Қазақстан Азияның көптеген елдері үшін табысты дамудың үлгісі болып табылады. Соңғы 17 жылдағы ілгерілеуіміз жүйелі жұмыс пен инвестиция тартуда неге қол жеткізе алатынымызды көрсетеді. Екі күн бойы директорлар кеңесінің мүшелері Азияда теннисті дамытудың стратегиясы, елдер арасында байланысты нығайту үшін қолдануға болатын басымдылықтар мен бастамалар туралы айтты. Құрлықтың үздік ойыншылары бір-бірімен сынға түсе алатын жаңа турнирлерді ұйымдастыру, жас теннисшілердің жасөспірімдер кезеңінен кәсіби деңгейге өтуін жеңілдету төңірегінде пікір алысты. Делегаттар Қазақстанда балалардың қалай жаттығатынын көзбен көру үшін Beeline Arena ұлттық теннис орталығы мен «Дәулет» теннис орталығында болып, бапкерлермен тілдесті. Директорлар кеңесі атынан Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа бөлек алғыс айтқым келеді. Ол Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті ретінде теннис дамуының бастапқы сатысында тұрған елдердің тең мүмкіндіктерге қол жеткізіп, тәжірибе алмасып, турнирлерге көбірек қатысуы және жастармен жұмысты жақсартуы үшін біздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеді», деді Азия теннис федерациясының президенті Юрий Польский.
— Азия теннис федерациясының жаңа логотипі мен гимні бекітілді https://www.asiantennis.com/about-atf/ (бұрын болған жоқ);
— Азияда жасөспірімдер турнирлерінің саны көбейеді;
— бір-біріне осы турнирлерге арнайы шақыртулар жібереді;
— Қазақстан теннис федерациясының президенті, ITF вице-президенті Болат Өтемұратовқа азиялық ойыншыларды әлемдік теннис жүйесінде тіркеу үлесін арттыру есебінен Халықаралық теннис федерациясынан ATF-ға қосымша ресурстар бөлуге қолдау көрсету жөнінде өтініш жасалды.