Әуежайдың ішкі және халықаралық рейстер терминалындағы жұмыс 10:48-де жанданып, жолаушылар тіркеуден өте бастады. Бұл туралы Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған дейін төтенше жағдай салдарынан Астана әуежайынан ұшатын 18 рейс (14 рейс Қазақстан ішінде, 4 халықаралық рейс) кешіктірілген еді.
Ақпаратқа сәйкес, DV702 Астана-Шымкент рейсі 12:23-те, IQ389 Астана-Жезқазған 12:26-да, IQ437 Астана-Петропавл 13:38-де және KC952 Астана-Алматы 12:46-да, КС7052 Астана-Алматы 13:36-да, KC205 Астана-Дубай 13:04-те ұшты.
Төтенше жағдай кезінде елорда әуежайында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басшылығы, ҚР Авиациялық әкімшілігі қызметкерлері және Terminals Airport Astana Management LLP, әуежай қызметкерлерінің қатысуымен оперативті штаб құрылып, жедел әрекет етті.
Эвакуацияланған жолаушыларға салқын және ыстық сусын, жеңіл тағам ұсынылды.
Әуежайдағы қауіпсіздік шараларын қалыпқа келтіру және күшейту шаралары әрі қарай жалғастырылады.