Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы Түрікменстанның Анкарадағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Өткеннен бүгінге дейінгі түрікмен киносы» атты халықаралық жиын өтті.
Салтанатты шарада сөз алған Түрікменстанның Мәдениет министрі Атагелді Шамурадов пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев экрандағы туындылардың жай ғана өнер емес, халықтың тарихи жады мен рухани діңгегі екеніне айрықша тоқталды. Елші Мекан Ишангулиев өз кезегінде мұндай мәдени іс-шаралар бауырлас халықтар арасындағы алтын көпірді нығайта түсетінін жеткізді.

Сұлтан Раев түрікмен киносының түрлі табиғи апаттар мен қиын кезеңдерге қарамастан, өзіндік қолтаңбасын сақтап қалғанын мақтанышпен атап өтті. Министр Шамурадов болса, «Шүкір бақсы» секілді классикалық жауһарлардан бастап, бүгінде халықаралық фестивальдерде топ жарып жүрген «Композитор», «Қызыл алма» сияқты заманауи туындылардың жетістіктеріне шолу жасады. Панельдік пікірталаста бас қосқан сарапшылар 1960 жылдары негізі қаланған поэтикалық кино мектебінің бүгінгі технологиямен қалай ұштасып жатқанын жан-жақты талқылады.
Киногер Назиф Тунч бастаған мамандар түрікмен киносының батыстық дарашылдыққа қарсы мейірім мен адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын қуатты күш екенін алға тартты. Көрермендерге «Galnış Atları» фильмі ұсынылған мазмұнды кеш салтанатты марапаттау рәсімімен түйінделді.
Айта кетейік, 17 ақпан күні Анкарадағы Яшар Кемал залында «Besteci» фильмінің тегін көрсетілімі өтіп, түрікмен өнерінің тылсым дүниесі елорда тұрғындарына есігін айқара ашпақ.



