БастыҚоғамМәдениет

Алматыда «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті

2023 жылдың 27 қазанында Алматыда «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті. Алқалы жиынды Түркі Академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының қолдауымен және Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғарғы Кеңесімен, Түрік тілі қоғамымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің белгілі тіл мамандары мен жетекші ғылыми ұйымдарының сарапшылары, сондай-ақ, Әзербайжан және Қазақстан Парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатия миссия өкілдері қатысты.

Конференция алдында қонақтар Әл-Фараби мұражайын, кітапхананың оқу залын, БҰҰ жаһандық хабы залын, «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясын және ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Конференция барысында түркі әліпбиінің ортақ стандартын әзірлеу жұмыстары және оның интеграциялық рөлі талқыланып, қатысушы елдердің мемлекеттік тіл саясаты жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ әліпбидегі бірлікке жетудің мүмкіндіктері мен алдағы қадамдар айқындалды.

Шараның ашылу салтанатында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғарғы Кеңесінің басшысы Деря Өрс, Түрік тілі қоғамының төрағасы Осман Мерт, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары Саки Садықов, Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулының орынбасары Гульзат Абдрасулова, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз құттықтау сөз сөйледі.

Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев өз сөзінде конференцияға қатысушыларды 2021 жылы ТМҰ Мемлекет басшыларының VIII Саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі–2040» бағдарламасында көрсетілген ортақ түркі әліпбиі мен терминологиясы бойынша іс-шараларды үйлестіру бағытында өзі басқарып отырған ұйымның атқарған жұмыстары туралы хабардар етті. Академия басшысы бүгінгі күнге дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жинақталған тәжірибе әліпбидің ортақ стандарттарын жасау барысында лингвистикалық негіздің аса маңызды екенін көрсетіп отырғанын, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени факторларды да ескеру қажет екенін атап өтті. Осы орайда ол түркі мемлекеттерінің академиялық орталары ортақ әліпбидің әлеуметтік-мәдени маңызына назар аударуы керектігін және бұл мәселені пәнаралық форматта шешу қажеттігін айтты.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев түркі әліпбиінің тарихы мен даму тарихын қоғамдық-гуманитарлық бағытта зерттеу мәдени мұраны сақтаудағы өзекті мәселе екенін атап өтті.

Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Президент кеңесшісі биыл 3 қарашада Астанада ТМҰ мемлекет басшыларының кезекті Саммиті өтетінін атап өтіп, бауырлас елдердің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі–2040» бағдарламасының бауырластық байланыстарды нығайтуға айрықша септігін тигізерін жеткізді.

Өз сөзінде доктор, профессор Дерья Өрс басқосуға арқау болған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Түркі мемлекеттері ұйымының ортақ әліпбиге деген назары артып келе жатқанын айтты. Ол әліпбиді біріздендіру нәтижесінде біз бір-бірімізді бұрынғыдан да жақынырақ түсініп, тереңірек танитын боламыз деп санайтынын білдірді.

Өз кезегінде доктор, профессор Осман Мерт “біздің ата-бабаларымыз VIII ғасырдан бастап әртүрлі қаріптерді қолданғанымен, олар әрқашан түркі кеңістігінде әліпби бірлігін сақтағанын” атап өтті.

О. Мерт ғылыми зерттеулердегі кейбір мәселелер жазу саласындағы әріптестікті нығайта түсу қажеттігін көрсететінін айтып, бұл үшін қазір әлемде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, ортақ әліпбиге қатысты бірыңғай саясатты әзірлеу және оны іске асыру керектігін атап өтті.

Пленарлық отырыстан кейін басқосу «Әліпби интеграцияның бағыты ретінде» және «Әліпби, тіл және бірегейлік» тақырыптары бойынша панельдік сессиялар форматында жалғасты.

Қатысушылар конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ортақ пікірге келді. Айтылған ұсыныстар қатысушы елдердің тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелердің, сондай-ақ ТМҰ Ақсақалдар кеңесі Президиумының назарына жолданатын болады.

Конференцияға қатысқан ғалымдар 2023 жылғы 29 мамырда Астана қаласындағы жиында қабылданған Ортақ әліпби жөніндегі комиссия жұмысының мақсаттары мен қағидаттарын, сондай-ақ Түркі әлемінің ортақ әліпбиі жөніндегі комиссияның бірінші отырысының Қорытынды декларациясын қолдайтынын растады.

Отырыс соңында конференцияға қатысушылар талқыланған сұрақтар бойынша қорытынды декларация қабылдады.

TuraNews

Back to top button