Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Алматыда қоғамдық тәртіпке байланысты тексеру шаралары күшейтілді.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, криминогендік ахуалды тұрақтандыру және құқықтық тәртіп деңгейін арттыру мақсатында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Алматы қаласы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, негізгі міндет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардағы тәртіпті күшейту.
— Әрбір қызметкер заң талаптарын қатаң сақтай отырып, кәсіби деңгейде қызмет атқаруы және азаматтарға құрметпен қарауы тиіс. «Заң және тәртіп» қағидаты тек ұран ретінде емес, күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет, – деді ол.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көшедегі қылмыстың жолын кесуге, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.



