ҚоғамТехнология
Trending

AI & Digital Bridge 2026 форумында Qazbot technologies гуманоидті және өнеркәсіптік роботтарын көрсетеді

Адамдармен тілдесетін, кеңістікте өздігінен бағдар түзейтін, өндіріс пен логистика саласында еңбек етіп, ірі нысандарға қызмет көрсететін роботтар 1–3 қазанда Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумында көпшілікке ұсынылады. Шара аясында гуманоидті роботтардан бастап өнеркәсіптік және төртаяқты роботтандырылған платформаларға дейінгі Qazbot technologies компаниясының бірқатар үлгілері көрсетіледі.

Digital Bridge 2026 форумына қатысу Qazbot Technologies үшін жекелеген робототехникалық шешімдерді ғана емес, сонымен қатар компанияның ауқымды индустриялық жобасын да таныстыруға мүмкіндік береді.
2026 жылдың тамыз айында Астанада Қазақстандағы алғашқы гуманоидті роботтарды шығаратын зауыттың құрылысы басталды, бұл жоба 150-ден астам жұмыс орнын ашуды көздейді. Аумағы 15 мың шаршы метр болатын өндірістік және ғылыми-технологиялық кешен оқшауланған өндірісті, меншікті инженерлік әзірлемелерді, R&D орталығын, бағдарламалық қамтамасыз етуді және жасанды интеллект саласындағы шешімдерді біріктіреді. Сондай-ақ кешен құрамына робототехникалық жүйелерді оқытуға қажетті деректерді жинау, дайындау және өңдеу инфрақұрылымы – Qaz Data Factory кіреді. Қазақстандық инженерлер мен жаңа технологиялық сала мамандарын даярлау жеке бағыт болып айқындалады.

Алғашқы кезеңде инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды, ал кәсіпорынның жобалық өндірістік қуаты жылына 5 мыңға дейін робототехникалық жүйені шығаруға жетеді.

AI & Digital Bridge 2026 форумына AGIBOT PTE. LTD. вице-президенті Сюн Цзилинь де қатысады. AGIBOT – Qazbot Technologies компаниясының стратегиялық технологиялық серіктесі. Бүгінде бұл компания гуманоидті роботтарды жеткізу көлемі жөнінен жаһандық нарықтың шамамен 47 пайызын еншілеп отыр. Оның технологиялары адаммен қарым-қатынастан бастап өндіріс пен логистикаға дейінгі түрлі салаларда қолданыс табады. Форум қонақтары осы озық мүмкіндіктердің бірқатарын тікелей іс жүзінде көре алады.

AGIBOT технологиясының даму ауқымы халықаралық жарыстарда да айқын көрініс табуда. Компанияның мәліметінше, World Humanoid Robot Games 2026 байқауында AGIBOT командасы 46 медаль жеңіп алды: оның 18-і алтын, 16-сы күміс және 12-сі қола медаль. Олар алтын жүлделер саны мен жалпы медаль есебі бойынша бірінші орынға ие болды.
Стратегиялық серіктестің технологиялары мен тәжірибесіне сүйене отырып, Qazbot technologies Қазақстанда робототехника және жасанды интеллект саласының өз индустриясын қалыптастыруда:
«Біз үшін Қазақстанға дайын технологияларды әкеліп қана қою емес, мұнда өзіндік құзырет пен толық технологиялық циклді қалыптастыру аса маңызды. Біз жүйелі түрде инженерлік команда жасақтап, бағдарламалық қамтамасыз ету мен жасанды интеллектті дамытып жатырмыз, сондай-ақ өндірісті оқшаулап, келешектегі әзірлемелер үшін қажетті инфрақұрылымды құрудамыз. Алдағы негізгі мақсат – өз өнімдеріміз бен шешімдерімізді дамытып, халықаралық нарықтарға шығу», – деді Qazbot Technologies компаниясының бас директоры Владислав Сафаров.

Гуманоидті роботтардан бастап өнеркәсіптік робототехникаға дейін

A2 / A2 Ultra моделі – адамдармен әрекеттесуге арналған толық өлшемді гуманоидті робот. Ол бет-әлпет пен дауысты таниды, дыбыс көзін анықтайды, диалог жүргізеді, командаларға жауап береді және келушілерге кеңістікте бағдар табуға көмектеседі. Сондай-ақ A2 Ultra моделі ұзақ қашықтықтарға өз бетінше қозғалу мүмкіндігіне ие.

X2 / X2 Ultra моделі – адамға ұқсас жүрісі мен жоғары қозғалғыштығы бар анағұрлым ықшам гуманоид. Ол бет-әлпет пен ым-ишаранды тани алады, адаммен әрекеттесіп, би билейді және күрделі ілеспе қозғалыстарды орындайды. X2 Ultra бағытты дербес жоспарлап, кедергілерді айналып өтеді және қуаттау стансасына өздігінен оралады.

Өндірістік робототехникаға бетбұрыс

G2 моделі – заттарды ұстап алып жылжытуға, дәл әрекеттер жасау мен сұрыптауды орындауға қабілетті өнеркәсіптік платформа. Мұндай технологиялар өндіріс орындарына, қоймаларға және логистикалық инфрақұрылымға арналған.

Тағы бір тәжірибелік бағыт – үлкен аумақтарды кәсіби деңгейде тазалауға арналған C5 автономды роботы. Ол жұмыс аймақтарын өз бетінше анықтайды, бағыт сызады, кедергілерді айналып өтеді, құрғақ және ылғалды тазалау жұмыстарын атқарады, ал арнайы қызмет стансасымен әрекеттескенде автоматты түрде қуат алып, жүйе жұмысын өзі қамтамасыз ете алады.

Күрделі ортаға арналған D1 моделі – дөңгелекті платформалардың мүмкіндігі шектеулі тегіс емес жерлер мен учаскелерде жүре алатын төрт аяқты робот. Ол нысандарды тексеруге, бақылауға және өнеркәсіптік инфрақұрылымда жұмыс істеуге арналған.

AI компьютер экранынан шығып, шынайы әлемге қадам басуда.

Дәл осы бетбұрыс AI дамуының маңызды кезеңдерінің біріне айналып отыр.

Егер генеративті AI мәтіндер, суреттер, бейнелер мен бағдарламалық код жасауды үйренсе, embodied AI алгоритмдерді физикалық құрылғылармен байланыстырады – робот сыртқы ортаны түйсініп, шешім қабылдау және шынайы әлемде әрекет ету мүмкіндігіне ие болады.

AI & Digital Bridge 2026 форумында келушілер әртүрлі робот түрлерінің көрсетілім мүмкіндіктерінен қызмет көрсету, өнеркәсіп, логистика және инфрақұрылым салаларындағы нақты қолданыс сценарийлеріне қалай көшетінін көре алады.
AGIBOT вице-президенті Сюн Цзилиньнің форумға қатысуы бұл тақырыпты жаһандық нарық деңгейінде тереңдетіп, гуманоидты робототехниканың қай бағытта дамып жатқанын және embodied AI саласының дербес технологиялық индустрия ретінде қаншалықты қарқын алғанын талқылауға жол ашады.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп, AI MONTH ауқымындағы басты халықаралық оқиғаға айналмақ. Форумның басты тақырыбы – Kazakhstan is the Eurasian AI Hub. Іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

1 қазанда мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық делегациялар мен технологиялық индустрия өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтеді. Бұл күнге тек арнайы шақырумен қатысуға болады. Ал 2–3 қазанда билет алған қонақтарға арналған ашық бағдарлама өтеді.

Форумның хедлайнерлері — Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының тең құрылтайшысы әрі техникалық директоры Ерзат Дулат және Crimson Education тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) Джейми Битон.

AI & Digital Bridge 2026 форумы серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында ұйымдастырылып отыр. Шараны өткізуге кеткен барлық шығын демеушілік қаражат есебінен атқарылады.

Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ.
Күміс серіктес — Halyk Bank.
Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан.
Қола серіктес — Yandex Qazaqstan.
Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС.
Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ,
Ресми әуе серіктесі — Air Astana

AI & Digital Bridge 2026 ұйымдастырушылары – Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі.

TuraNews

Back to top button