БастыСаясат
Trending

Әділетті әрі Өркениетті мемлекет жолында бар күш-жігерімді салып келемін — Тоқаев

Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. 

— Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс. Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. «Әрекет түбі — берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды. Ал отаншыл болу — заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады. Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін. Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі заманның басты қуаты — білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды.

— Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады. Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын. Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айттым. Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Отанымыз — Қазақ елі мәңгі жасасын! , — деді Мемлекет басшысы.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button