«Әділет» партиясы съезінің делегаттары «AMANAT» партиясының қосылуын қолдады

Астанада өткен «Әділет» партиясының II Съезіндегі басты саяси шешімдердің бірі – «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясына қосылу мәселесін қарастыру және қолдау болды.
Тиісті шешімді съезд делегаттары партияны одан әрі дамыту мәселелерін талқылау аясында қолдады.
Делегаттар алдында сөйлеген сөзінде «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бұл шешім тек құрылымдық өзгерістермен шектелмейтінін, оның астарында партияның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды мән жатқанын атап өтті.
«AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім. Бұл – Қазақстан қоғамының ел мүддесі үшін біріге алатындығымыздың нақты дәлелі. Қоғам мен мемлекет алдындағы және келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған, елдік берекеге бастайтын байлам», – деп баса айтты Айбек Дәдебаев.
Съезд қатысушылары бұл шешім елдің саяси өміріндегі өзгерістерді және жалпыұлттық міндеттер төңірегінде конструктивті өзара іс-қимыл жасауға деген қоғамның сұранысын көрсететінін атап өтті.
Делегаттардың пікірінше, қазіргі заманғы сын-қатерлер саяси бытыраңқылықты емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесі үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу жолында күш біріктіруді талап етеді.
Съезд барысында «Alageum Electric» компаниялар тобының негізін қалаушы Сайдолла Қожабаев та сөз сөйледі. Ол бірігу туралы шешімді қолдап, оны қоғамдық консолидацияның ауқымды процестерінің көрінісі деп атады.
«Аманат» партиясының «Әділетке» қосылу туралы шешімін естігенде, шынайы қуандым. Мәселе бір партияның екіншісіне қосылуында ғана емес. Бұл – қоғамның үлкен өзгерістерге, жауапты шешімдерге дайын екенін көрсететін маңызды қадам», – деп атап өтті Сайдолла Қожабаев.
Съезд қатысушылары қосылу туралы шешім саяси партияларға мүшеліктің еріктілік қағидатына қатаң сәйкес қабылданып жатқанын да ерекше атап өтті. Қосылып жатқан партияның әрбір мүшесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Әділет» партиясына өту туралы шешімді дербес қабылдайды.
Съезді қорытындылай келе, Айбек Дәдебай қабылданған шешімдерден кейін партия дамудың жаңа кезеңіне шығатынын атап өтті.
«Бүгінгі съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапаға ие болды, жаңа биікке көтерілді. Еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін, тегеуірінді күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегі ретінде бекідік», – деді партия төрағасы.
Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар «Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуын қолдады. Съезд қатысушылары бұл шешім Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформаның маңызды бөлігі болатынына сенім білдірді.



