Абай облысындағы Жетіжар ауылында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Дәрігерлер Бесқарағай ауданы тұрғындарының бірінде сібір жарасы болуы мүмкін екенін айтты, деп деп жазады Turanews.kz Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Науқас ПТР-тест тапсырған, алайда дерт расталмады.
– Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық және аудандық кезектен тыс отырысы өткізіліп, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда блок-посттар орнатылып, арнайы зерттеулерге сынама алынып, тексеру жұмысы жүргізілуде, – деді Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Алмас Тастенбеков.
Қазір Жетіжар ауылының кіреберісінде санитарлық бекет орнатылған. Елдімекеннен ауыл шаруашылық өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды.
– Аурудың неден шыққанын анықталып жатыр. Бүгінде барлық мал басы клиникалық тексеруден өткізілуде және күнделікті ветеринар мамандар бақылауына алынды. Әзірге сойылған ауру мал басы анықталмады, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев.